17:49, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
2010 жылдың ортасында Қазақстан жылына 27 мың тонна уран өндіруге мүмкіндік беретін техникалық база құруды аяқтайды
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2010 жылдың ортасында Қазақстан жылына 27 мың тонна уран өндіруге мүмкіндік беретін техникалық база құруды аяқтайды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның президенті Мұхтар Жәкішев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстанда қазіргі таңда уран кеніштерін іске қосу кесте бойынша жүріп жатыр. Мәселен, биыл сәуір айында «Харасан-1», ал жыл соңына қарай «Семізбай» кен орны іске қосылады. Сондай-ақ көктемде Иіркөл кен орнының ресми ашылуы болады. Онда өткен жылдың өзінде 300 тонна уран өндірілді. Қазақстан жылына 27 мың тонна табиғи уран өндіруге мүмкіндік беретін кен орындарының техникалық базасын құруды 2010 жылдың ортасында аяқтайды. Яғни олар толық жобалық қуатымен жұмыс істеуге дайын болады», - дейді Мұхтар Жәкішев. Оның сөзіне қарағанда, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Қытай нарығына кіру үшін 10 жыл, ал Үндістан нарығына кіру үшін 5 жыл әзірлік жүргізген. Жалпы қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» Ресей, Жапония және Қытайдағы өз серіктестерімен бірлескен кәсіпорындар құрып, бірнеше кен орнын игере бастады. Алдағы уақытта мұндай кәсіпорын үнділіктермен бірлесе құрылады деп жоспарланып отыр. Бұл шара екі ел арасында алдағы бір айдың шамасында қол қойылады деп жоспарланып отырған уранды бейбіт мақсатқа пайдалану туралы келісім мақұлданғаннан соң жүзеге аспақ.