2010 жылы Алматы облыстық кедендік бақылау департаменті кедендік төлемдер мен салықтан мемлекет бюджетіне 44 млрд. теңге құйды - А.Малянов
Дегенімен бұл көрсеткіш алдыңғы жылғыға қарағанда 6% төмен. Бұл жайында Алматы облыстық КБД бастығының орынбасары Александр Малянов ақпанның 12-сі күні болған алқалы жиында мәлім етті.
А.Малянов баяндамасын 2010 жылы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерден бастады. «Өткен жылы Алматы облысының ішкі сауда айналымы 2 млрд. АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 22% төмендеп отыр. Iшкi тұтынуға кедендiк үрдіс бойынша 1,4 млрд. доллар көлемінде тауар әкелінген. Өткен жылдың ұқсас мерзiмiмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 27% төмен», -дейді А.Малянов.
Ол мұндай көрсеткіштерді импорттың салық мiндеттемелерi шарттарын төмендету себептерімен байланыстырады.
Сондай-ақ ол осы аралықта толтырылған мемлекеттік аймақтық декларациялардың саны 36 945 жеткендігін және ол алдыңғы жылға қарағанда 11391 декларацияға төмен екендігін және толтырылған МАД-дың төмендеуі тауарларды ішкі тұтынуға әкелуде байқалғандығын айтады.
"Сыртқы сауда айналым көлемiнiң төмендеуiне әлемдiк экономикада болып жатқан жайттар әсер еткен, негізінен несие беру саласындағы дағдарыс инвестициялық импортқа жағымсыз әсер етуде", -дейді А.Малянов.
Кедендік төлем бағалары республикалық бюджетті толықтырудың маңызды көзі екендігін айтқан ол кедендік табыстарды ерекше бақылауға алып, импортталған тауардың кедендік бағасын дұрыс анықтап, кедендік посттарда мониторинг жүргізіп отыру керектігін және орын алған мәселеде қолданған шараны департамент басшылығына жеткізіп отыру жөн екендігін айтты.