2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитін шақыру көзделіп отыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оншақты жылдан бері ЕҚЫҰ-ның мемлекет басшыларының саммиті, жиналысы өткізілмей келеді. Біз осыны сөз еттік. Сондықтан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ХХІ ғасырдың басында жаңартуға мұқтаж болып отырған осы ұйымға жаңа саяси серпін беру үшін біз Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның мемлекет басшыларының саммитін шақыратын болып шештік», деді бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауынан кейінгі брифингте Испанияның Сыртқы істер және ынтымақтастық министрі Мигель Анхель Моратинос.
М. Моратинос 2010 жылдың бірінші жарты жылдығында Испания Еуропалық Одаққа төрағалық жасайтынын айтты. Сондықтан біз Еуропалық Одақ пен ЕҚЫҰ бір бағытта жұмыс істеп, экономикалық дағдарыстан шығудың жолын табу, Еуроодақ пен Қазақстан арасында әріптестік ынтымақтастықты құру, Ауғанстан сынды маңызды мәселені қарастыру үшін осы екі төрағалықтың қызметін үйлестіруге тырысатын боламыз», деді министр.
Ол Испания ЕҚЫҰ басшысы болған кезде Қазақстанның 2010 жылы осы ұйымға төрағалық етуіне өз мемлекеті бар күш-жігерін жұмсағанын атап көрсетті. «Бұл ниет орындалды. Төрағалық жасайтын сәт жақындап келеді. Барша әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сәулетін қалыптастыру үшін бұл өте жауапты әрі маңызды сәт», деді М. Моратинос.
Ол қазіргі таңда Қазақстан мен Испания арасында жылышырайлы достық қарым-қатынас қалыптасқанын атап көрсетті.