2010 жылы Қазақстанның ИТ-нарығы 32 пайызға өсіп, 790 млн. долларды құрады

Бұл туралы бүгін елордада өткен «Мемлекетті басқарудың инновациялық технологиялары: болашақтың экономикасы жолында» атты IDC баспасөз мәслихаты барысында Қазақстандағы IDC өкілдігінің басшысы Андрей Беклемишев мәлім етті.
Қазақстандағы дербес компьютерлердің саны 2010 жылы 36 пайызға өскендігін атап өткен ол: «Бұл соңғы 5 жылдағы аталған нарықтағы ең ірі өсім. Тіпті дағдарысқа дейінгі 2006 жылы өсім қарқыны дәл осындай болған емес. Нарық көлемі жалпы құны 320 млн. доллар болатын 463 мың дана дербес компьютерді құрады», - деді.
Оның атап өтуінше, өткен жылы еліміздегі серверлер нарығы да айтарлықтай ұлғайып, 31,5 пайызға өсті. Яғни жалпы құны 42,5 млн. долларды құрайтын шамамен 4800 сервер орнатылды.
Сонымен қатар А.Беклемишевтің алға тартқан деректеріне қарағанда, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында да аталған нарыққа қарқынды өсім байқалады. Мәселен, серверлер нарығында жалпы құны шамамен 25 млн. долларды құрайтын 3 мың дана құрал-жабдық орнатылды.