15:51, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
2010 жылы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешілетін болады - Е.Мамытбеков.
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбеков пен аталмыш ведомствоның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Николай Тихонюк

қала әкімдігінің экономиканы тұрақтандыру аясында сатып алған пәтерлері бар бірқатар үлесті тұрғын үй кешендерінің құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тұрғын үй құрылысында қиындықтар басталғалы бері Үкімет пен Индустрия министрлігі бұл жағдайды жіті қадағалауында ұстап отыр. Әрбір тұрғын үй нысаны мен ондағы үлескерлердің тізімі қайта жасақталып, өткен жылдың нәтижесі бойынша 17 мыңнан астам үлескер пәтер кілттерін алды. Биыл тағы 32 мыңға жуық үлескердің мәселесі шешілетін болады. 2010 жылы қалған 9 мың үлескерді баспаналы ету арқылы үлескерлік тұрғын үйлердің проблемасын толығымен шешуді көздеп отырмыз», - деді Е.Мамытбеков.
Тілендиев көшесінде орналасқан «Сапа» (құрылысы 2009 жылдың желтоқсан айында аяқталады), Күмісбеков көшесінде орналасқан «Целиноград» (2009 жылдың ақпанында) және Сейфуллин көшесінде бой көтеріп жатқан «Сайран» (2009 жылдың маусым-шілдесі) тұрғын үй кешендерінен Астана қаласының әкімдігі 3,1 миллиард теңгеге 28,4 мың шаршы метр тұрғын аумақ сатып алды. Барлығы қала әкімдігі 2008 жылдың маусымы мен қараша айларында үлескерлердің қатысуы бар 47 тұрғын үйден 41 миллиард теңгеге 6213 пәтер сатып алды. Пәтерлер жалдамалы негізде әлеуметтік аз қамсыздандырылған топтар арасында үлестірілетін болады.
