2011 жыл қорытындысы : Мерейтой жылы экономика ілгерілеп, халықтың өмір сүру деңгейінің арту жылы болды

Бұл әлем бойынша қабылданған тәртіп. Олай болса, өркениет көшінен ойып тұрып орнын алғысы келетін Қазақ елі де бұл тәртіпке бой ұсынады. 2012 жыл біздің жыл қайыруымыз бойынша - Ұлу жылы. Қазақтың көптеген әпсаналарында Ұлу жылы қарапайым халыққа жайлылығымен болжанады. Суды ұнататын мақұлықтың тіршілігіне қарап, жұрттың да тірлігі жайланады деп сенген бабаларымыз. Әмсе солай болғай! Дегенмен, табалдырықта тұрған Ұлуды қарсы алмас бұрын, әдеттігіше аяқталар Қоян жылындағы елдік дамуымыздың маңызды шараларына, ұлттығымыздың ұмытылмас сәттеріне көз жүгіртпекпіз.
Сөйтіп, енді көп уақыт өтпестен Қазақстанның тәуелсіздік шежіресіндегі мерейлі һәм межелі 20-шы жылы тарих қойнауына жылыстап енетін болады, яғни дербес мемлекет ретіндегі дамуымыздың 20-шы парағы жабылуға жақын. Қазақ елі үшін егемендіктің елеулі мерейіне айналған Қоян жылы да басқа жылдарға қарағанда есте қаларлықтай оқиғаларымен ерекшеленді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтіліп, бүкіл халық болып осы мерейге мейіріммен қарағандықтан 2011 жыл Қазақ елі үшін айтулы жылдардың біріне айналары хақ. Бұл айтулы датаны Қазақстан шаңырағы биік, керегесі кең ел ретінде, халықаралық кеңістіктегі орны айқын мемлекет ретінде бұрынғыдан да беделді, бұрынғыдан да абыройлы қалпында нық қадаммен қарсы алды. Бұл жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесі қорытындыланды. Сондықтан да Президенттің Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болып жарияланып, мерейтойдың ұраны «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» делінді. Сөйтіп, жыл бойына жалғасқан Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жүзеге асты. Енді Қоян жылғы елеулі оқиғаларды бір саралап шықсақ.
Азиада Қазақстанның мерейін өсірді
2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтті. Астана мен Алматы 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында 7-Қысқы Азия ойындарын қабылдады. 2011 жылғы 11 қаңтарда Эл-Кувейтте Азиада алауы тұтандырылып, 12 қаңтар күні Алматы қаласына әкелінді. Алау Эстафетасы салтанатты қарсы алынып, Алматының көшелерінен соң аймақтарға жіберілді, 20 күн бойы Қазақстанның облыс орталықтарын аралап, соңында Астанаға жеткізілді. Азия ойындарының ашылу салтанаты өтетін «Астана Арена» стадионында Азиаданың қазандығы жағылды. Бір апта бойы дүниенің дүйім жұрты Қазақстанға көз тігіп, алып Азия құрлығы Астанаға назар салды. 27 елдің үкілеген үмітін арқалаған мыңға жуық спортшы сайыстың 11 түрінен жарыс жолына шықты. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған саңлақтарымыз 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға қол жеткізіп, барлығы 70 медальға ие болып, рекордтық көрсеткішпен аяқтады. 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен (барлығы 54 медаль) Жапония екінші орынға табан тіресе, Оңтүстік Корея спортшылары 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медальмен (38 медаль) үшінші орынға ие болды. Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен (35 медаль) Қытай құрама командасы жайғасты. Осынау маңызды шараның арқасында Қазақстан жоғары деңгейдегі жарысты өткізуге қабілетті құрлықтық елдер қатарына қосылды.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымына абыройлы төрағалық жасадық
Қазақстан 2011 жылы әуелгі аттауы Ислам Конференциясы Ұйымы болып табылатын жетекші халықаралық ұйымға төрағалықты сәтті еңсерді. Былтырғы ЕҚЫҰ-ға төрағалықтағы тәжірибелер Ислам елдерінің ұйымында да пайдаланылды. Естеріңізге сала кетейік, ИКҰ-ға 1995 жылы мүше болып, содан бері оның көпқырлы қызметі мен шараларына қатысып келген Қазақстан өз төрағалығында тағы бір тың қырынан танылды. Алдымен ұйымның атауы ауыстырылып Ислам Ынтымақтастық Ұйымы болып қайта жаңғырды. Қазақстан исламды бейбітшілік пен ілгерілеушілік діні ретінде таныту барысында ИЫҰ мұсылман әлемінің тиімді әрі беделді форумы болып қайта өрлеуіне қолдау ниетін танытты. Ең бастысы, осынау алмағайып қақтығыстар заманында бейбітсүйгіш Қазақ елі Батыс пен Ислам әлемі арасындағы мәдени диалог көпірі рөлін арттыру ниетін ұстанды. Жалпы алғанда Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұраны аясында өтті. Осы үш өлшем бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізген біздің еліміз Ислам Ынтымақтастық Ұйымы беделінің арта түсуіне де зор күш салды. Бір сөзбен айтқанда, халықаралық саясатта айымыз оңынан туып, ИЫҰ-ға төрағалық арқылы әлемге тағы бір қырымыздан танылдық. Әлемдік қоғамдастықтың көзі Қазақ елінің ынтымағы жарасқан, бірлігі баянды мемлекет екендігіне, ал қазақ ұлтының тумысынан дарынды ұлт екендігіне тағы бір мәрте жете түсті.
Экономика һәм шаруа жайы қалай болды?
Жаһандық дағдарыстан кейінгі кезеңде әлі де есін жиып, еңсесін көтере алмаған елдер үшін 2011 жыл айтарлықтай ауырлық ала келгені белгілі. Бұл қайсыбір өңірлерде әлі де сақталуда. Алдағы даму қалпының қалай ойысатыны туралы нақты деректер де жоқ. Аузын айға білеген сарапшылар тарапынан көңілді пәс ететін дүниелер айтылып та жатыр. Соған қарамастан, 2011 жылды Қазақстан экономикада үлкен табыстарға қол жеткізе алатын қабілетімен аяқтады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, елдің 11 айдағы жалпы ішкі өнімі 7,5 пайызға өсті. 11 айдың ішінде қысқа мерзімдік экономикалық индикатор 7,53 пайызды құрады. Бұл ретте тау-кен өндіру секторының 1,6 пайыздық өсіміне қарағанда, өңдеуші өнеркәсіптің өндірісі 6,7 пайыздық қарқынмен жоғары өсім көрсетіп отыр. Оның ішінде химия өнеркәсібінің өнімі - 22,5, машина жасау, металлургия өнеркәсібі - 6,7 пайыз өсім көрсетуде. Толықтай алғанда, өнеркәсіп өндірісінің өнімі 3, 8 пайызды құрады. Экономика жағдайына нақты мысал: Ұлттық банктің жиынтық резерві мен Ұлттық қорды қоса алғанда, қазіргі күні 75 млрд. долларға жетті. Биылғы жылы жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 11 мың АҚШ долларын құрап отыр. Есте болса, біз мұндай межені 2015 жылға қарай еңсереміз деп белгілеген едік. 1993 жылы бұл көрсеткіш 700 доллар болғанын ескерсеңіз, оның өсімі 16 есеге артып отыр.
Бұдан бөлек, шетелден тікелей инвестиция тарту жағынан Қазақстан алдыңғы 20 елдің қатарына кірді. Халықтың әл-ауқаты бойынша жаһандық рейтингіде 50 елдің қатарындамыз. Тағы мынадай мәселеге назар салуға болады: биылдың өзінде экспортқа 75 млрд. доллардың шамасында өнім шығарыппыз. Оның ішінде шикізаттық емес сектордағы өңдеуші кәсіпорындар үлесі 21 млрд. долларды құрайды. Экспорт әлемнің 126 еліне бағытталыпты.
Дағдарыс кезіндегі Президенттің белгілеп берген «Жол картасымен» ауыздықталған жұмыссыздық деңгейі әлгіндей индустрияландыру идеясымен ұштастырылып, соның арқасында жұмыссыздық көрсеткіші 5,4 пайызға дейін азайды. Экономика дамыған сайын, бюджет бүйірі де тола түсетіні - заңдылық. Біз Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттің қазынасында 84 млрд. теңге ғана қаражат жатса, қазір бюджетіміз - 5 трлн. теңгенің үстінде. Соның арқасында зейнетақы, жәрдемақы тағайындауда оң үрдіспен жүріп келеміз. 2011 жылдың өзінде зейнетақы төлемі мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Халықтың жағдайы жақсара бастады. Ана мен бала өлімі 20-25 пайызға азайып, халықтың өмір сүру жасы 72 жасқа ұзарды. Бір сөзбен айтқанда, экономикадағы, әлеуметтік саладағы болып жатқан өзгерістердің баршасы халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартты. Осы айтылғандардың барлығына дәлел - халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде Қазақстанды ең жедел өсіп отырған әлем экономикасының үштігіне қосып отыр. Ұлыбритания агенттіктерінің зерттеулері бойынша Қазақстанның алдында Катар мен Қытай мемлекеті ғана тұр.
Жалпы түйіндей сараласақ, биыл: «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 251,4 млрд. теңгені құрайтын 820 жоба субсидия алуға мақұлданды; Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, сыртқы сауда айналымы 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларын құрады; Тауарлардың экспорт көлемі 48,5 пайызға (71,7 млрд. доллар) артты; Импорт 22,4 пайызға (29,4 млрд. доллар) артты; Сауда балансының оң қалдығы 42,3 млрд. долларды құрады, бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп; Ал ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауда айналым 43,3 пайызға (19,6 млрд. доллар) артты, оның ішінде экспорт 51,4 пайызға (6,2 млрд. доллар), импорт 39,8 пайызға (13,4 млрд. доллар) көбейген; Шетелдік валютадағы (43,3 млрд. АҚШ доллары) Ұлттық қор активтерін қоса алғанда, еліміздің халықаралық резерві 27,3 пайызға артып, 75,4 млрд. АҚШ долларын құрады; Standard&Poor's и Fitch агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтингісін «ВВВ+» және сәйкесінше «ВВВ» деңгейіне дейін жақсартты.
Астық рекорды жаңарды
Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды. Ең бастысы, егін бітік шығып, қамбамыз астыққа толды, халқымыз наннан тарықпады. Ежелден уызға жарыған текті халқымыздың аузы ақтан арылмады. Межелеген міндеттеріміздің барлығы дерлік орындалды. Алдын ала ресми таратылған мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы елімізде таза салмақта 26 млн. тонна астық бастырылды. Бұндай рекордтық астықтың арқасында ауыл шаруашылығы өнімінің жиынтық көлемі 2011 жылдың қаңтар-қарашасында 27,3 пайызға өсті. Таза салмақта жиналған астық 26 млн. тоннаны құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге ұлғайды. Осындай егін молшылығының арқасында жыл басынан бері инфляция 7 пайыз деңгейінде қалыптасты, оның ішінде қараша айында 0,6 пайызды құрады. Биылғы жылдың басынан азық-түлік тауарларының бағалары 8,8 пайызға өсті. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты шаралар да дер кезінде қабылданып отырды. Мәселен, облыстағы әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, 22 желтоқсандағы жағдай бойынша Тұрақтандыру қорларына барлығы 109 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 34 мың тонна картоп, 17 мың тонна пияз, 8 мың тонна сәбіз және басқа да азық-түлік сатып алынды.
Бір жыл бұрын қабылданған индустрияландыру ұлттық жобаға айналды
Былтырғы 2010 жылы қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші жылын тамамдап отырмыз. Нәтижесі де жоғары: өңірлерде 200-ге тарта кәсіпорын іске қосылды. Аталған нысандардың баршасы шикізаттық емес секторды құрайды. Ендеше, қазақстандық даму нағыз даңғылға қарай ойысқанын нақты болжай аламыз. Қазіргі уақытта Индустрияландыру картасына 9,6 триллион теңгені құрайтын 609 жоба енгізілді. Екі жылдың ішінде нысандарды іске қосудың есебінен 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мыңдаған адамдар тиісінше табыс пен жоғары білікті жұмысқа ие болды. Бұрын Қазақстанда ешқашан өнім шығарып көрмеген 106 өндіріс игерілді. Мегажобаларды да жаңғыртуды жалғастыра алдық. Жалпы құны 844 млрд. теңге болатын «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықтық құрылысы қарқынын үдетті. 50 мыңнан астам адамға қол болған бұл жоба 2013 жылы игілікке берілмекші. Елбасының әлеуметтік жобасы аталып кеткен, 2013 жылы аяқталатын Бейнеу - Бозой - Ақбұлақ газ құбырының құрылысы қарқындай түсті. Бұл газ құбыры іске қосылғанда, оңтүстік өңірлерде тұратын (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары) республика халқының 40 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Экологиялық жағдай жақсарып, халықтың әл-ауқаты артады. «Көксарай» су реттегіші толық іске қосылды. Индустриялық бағдарлама шеңберінде «Мойнақ» ГЭС-і ел игілігіне берілді. Бұлардың баршасы жиналып келгенде елдің әлеуетін арттырып, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізді. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендеді.
Саясаттағы серпіліс Президент сайлауы мен Мәжіліс межесі
Жылдың саяси жаңалығына әрі елдегі маңызды саяси қадам ретінде сәуір айындағы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын айтуға болады. Бұл саяси үдерістің түпкі төркіні осыдан дәл бір жыл бұрын ынталы топтың бастамашылдығымен көтерілген референдум мәселесіне келіп тіреледі. Атап айтқанда, былтырғы жылдың 23 желтоқсанында Өскемен қаласында Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың республикалық жиналысы болып өтті. Кейіннен бұған Парламент қолдау жасай отырып, заңды жолды нұсқаған болатын. Ондағы ойымыз Президенттің өзі бастаған ісін толық аяқтауына түбегейлі жағдай жасау болатын. Кейіннен Елбасы мұнымен келіспеді. Кезектен тыс Президент сайлауын жариялап, бұл жолы да елдің ерік-жігері Елбасын тағы жеңіс тұғырына көтерді. Сөйтіп, былтыр басталған үлкен саяси науқан үлкен саяси жеңіспен аяқталды.
Тағы бір саяси үрдіс Сенат депутаттарын сайлауға қатысты болып, бұл ағымдағы жылдың тамызында жүзеге асқан болатын. Одан бөлек тың жаңалық Мәжілістің өзін-өзі тарқатуы және сол арқылы кезектен тыс сайлауды тағайындау. Бұл сайлау мәслихат депутаттарының сайлауымен бірге 2012 жылғы 15 қаңтарға белгіленді. Сайлаудың уақыт үдесінен туындаған саяси маңызды қадам болғаны да рас. Сайлау демекші, Мәжілістің өзін-өзі тарқатуы нәтижесінде Парламенттің бар құзыретін Сенаттың бір өзі арқалап қалған болатын. Ал жалпы алғанда биылғы заң шығармашылығы жоғары деңгейде өтіп, оның қалпы бұзылған жоқ. Биыл Парламент 152 заң қабылдады. Олардың ішінде қоғамымыздағы тәртіпті бақылауды нығайтуға, еліміздегі экономиканы өркендетуге қажетті заңдар көп болды. Оның ішінде Сенат 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдады. Еліміз қол жеткізген табыстарындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасының рөлін көрсететін тарихи-саяси-құқықтық құжатта егемен елдің дамуындағы жиырма жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері айқындалды. Декларацияның қабылдануы мемлекет құрылымындағы қоғамдағы заң шығарушы орган ретінде Парламенттің рөлін мен беделін одан әрі арттыра түседі. Сондай-ақ Парламент 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мерекесі ретінде белгілеген заң қабылдады. Ал қыркүйек айында қабылданған «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» Заң жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырғаны анық.
Қоян жылының елді елең еткізген төтенше оқиғалары
Жыл басында Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны орын алып, бұл үлкен апатқа ұласты. Көктемгі су тасқыны кезінде Оралда 3382 тұрғын көшірілсе, оның ішінде 2097 адам өз үйлеріне қайтып оралды немесе туыстарының үйлеріне орналасты, қалған 1285-і алғашқы кезден 4 эвакопунктке орналастырылған-ды. Су тасқынының салдарларын жою аясында 5-шағын ауданда сәуірде бірқатар тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу қолға алынды. Бұл төтенше келген табиғи апат. Бұдан өзге елді бүрліктірген оқиғалар легі де Қоян жылында орын алды. Атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Тараз, Алматыда (Боралдайда) лаңкестік оқиғалар орын алды. Қашаннан бейбіт болып, тыныштық пен тұрақтылықты сүйетін қазақтың мамыражай тірлігі үшін бұл күтпеген оқиға еді. Лаңкестік салдарынан жазықсыз бірқатар адамның қазасы орын алды.
Бұндай төтенше оқиғаларға Тәуелсіздік күні Жаңаөзенде орын алған жағдайды да жатқызуға болады. Президент пәрменімен Жаңаөзенде төтенше жағдай енгізіліп, коменденттық сағат орнады. 5-қаңтарға дейін.
Бір сөзбен айтқанда, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму жолын айқын бағдарлап алған еліміз, экономика саласында да толайым табыстарға қол жеткізді. Мәдениетімізде де, әдебиетімізде де ұлт болып әспеттейтін, халық болып дәріптейтін толымды дүниелер өмірге келді. Спортта да мықтылардың мықтысы санасатын күшті мемлекет екенімізді дәлелдедік. Тұтастай алғанда өтіп бара жатқан Қоян жылына артар бәлендей өкпеміз жоқ. Әлбетте, тарлан тарихтың доңғалағы Қоянмен тоқтамақ емес, алда Ұлу жылы есігімізді қағып тұр. Келер жылдың 20-жастан асқан еліміз үшін мәні де, маңызы да зор. Сондықтан 2012 - Ұлу жылынан әрине тек жақсылықтар күтеміз. Алдағы жыл еліміздің абыройын бұдан да асқақтататын, мерейін бұдан да тасытатын табысты жыл болғай!