2011 жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ерекше назарда ұстау қажет - ҚР Премьер-Министрі

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай айтты.
«Биыл біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілетіндігін көретін боламыз. Ол үшін, біріншіден, біздің ішкі нарығымыз азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс. Екіншіден, біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауымыз қажет. Биылғы жылдың басында ондай азық-түлік тауарларының қымбатшылығы байқалды. Осы мәселені ерекше назарда ұстау қажет. Себебі бұл - аса өзекті мәселе. Біз халыққа негізгі азық-түлік бағасының тұрақты болатындығына кепілдік беруіміз қажет. Оны Ауыл шаруашылығы мен Сауда және экономикалық даму министрліктері қадағалауы тиіс», - деді К.Мәсімов.
Өз сөзінде Үкімет басшысы алдағы айларда әлемде азық-түлік бағасының күрт өсетіндігін мәлім етіп, тауар өндірушілердің өз өнімін экспортқа шығаруға ниеттенетіндігін жеткізді. «Осы кезде отандық экспорт пен импорттың тепе-теңдігін қамтамасыз ету керек», - деп атап көрсетті ҚР Премьер-министрі.