2011 жылдан бастап жылына 20 мың тоннадан артық парниктік газдар шығарындылары бар табиғат пайдаланушылар квота алуы тиіс
Бұл туралы бүгін Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті.
Жаһандық экологиялық мәселенің бірі - климаттың өзгеруі бойынша Қазақстанның міндеттеріне сәйкес парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірулері саласында мемлекеттік реттеуді күшейту заң жобасының бір бағыты екендігін баса айтқан Н.Әшімов «Ол үшін парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу тетіктері енгізілуде. 2011 жылдан бастап жылына 20 мың тоннадан артық парниктік газдар шығарындылары бар табиғат пайдаланушылар квота алуы тиіс. Бұл - мұнай-газ, энергетикалық, тау-кен металлургия және химия салаларының ірі кәсіпорындары», - деді.
Министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта бұл секторлардың шығарындылары 214 миллион тоннаны немесе бүкіл көлемнің 90 пайызын құрап отыр. Осыған орай парниктік газдар шығарындыларына квоталар Үкіметпен бекітілген ұлттық жоспардың негізінде таратылатын болады және кәсіпорындар парниктік газдарды төмендету бойынша жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өзара квоталарды сатуға мүмкіндік алады.
«20 мың тоннаға дейін парниктік газдардың шығарындылары бар табиғат пайдаланушылар квоталарды сата алмайды. Бірақ оларға өздерінің кәсіпорындарында экологиялық мәселерді шешу бойынша инвестицияларды тартуға құқық беріледі. Яғни, кәсіпорындарға Киото тетіктеріне ұқсас шығарындыларды төмендетудің ішкі ұлттық жүйесі ұсынылады», - деді Н.Әшімов.