2011 жылдың бюджетінде ауыз су мәселесін шешу үшін қажетті соманың нақты мөлшерін белгілеп алған жөн - Парламент палаталарының бірлескен отырысы

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, бұл ретте бірінші кезекте көңіл бөлу қажет мәселе, жоба-сметалық құжаттарды дайындаумен байланысты болып отыр. «Бұл ретте бізде кім қандай шаруамен айналысу керек деген сауал туындаған болатын. Яғни, біздің алдымызда жоба-сметалық құжаттарды жергілікті бюджет дайындауы қажет пе, әлде республикалық бюджет дайындауы қажет пе деген мәселе тұрды. Меніңше, біз қазір мұның шешімін таптық. Нақтыланған бюджетте жоба-сметалық құжаттарды дайындау бағасына қатысты мәселе көтерілді. Біз 2011 жылы ауыз су проблемасын шешу үшін қажетті соманың нақты мөлшерін белгілей алатындай болуымыз қажет. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы бағдарламаға сәйкес және ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысындағы кемшіліктер мен жетістіктерді ескере отырып, су құбырларын қай жаққа тарта түсу қажет, ал қай жаққа тасымалдануы тиіс деген мәселені шешіп алу керек. Бізде жерасты сулары толық зерттелмеген. Сондықтан осы жұмыстардың картасын жасау да алда тұрған істердің бірі», деді К. Мәсімов.