14:12, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
2011 жылы әлеуметтік шығыстар ел бюджетінің 45 пайызын құрайтын болады - Қаржы министрі
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылы әлеуметтік шығыстар бюджеттің 45 пайызын құрайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, 2011-2013 жылдардағы бюджет шығыстары ҚР Президентінің Жолдауларынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталады. «Бұл ретте әлеуметтік саладағы негізгі басымдық қабылданған барлық әлеуметтік міндеттерді жүзеге асырумен байланысты болып отыр. Осы мақсаттарға бюджет шығыстары алдағы үш жылда 2 трлн. 460 млрд. теңгеден астам болады, деп болжануда. Егер 2010 жылы әлеуметтік сипатқа ие шығыстардың көлемі мемлекеттік бюджеттің 40 пайызын құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 45 пайызға дейін артады», деді Б. Жәмішев.