2011 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және аспаптар жасау конструкторлық бюролары құрылады - Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы
Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің алдында Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығының басшысы Саят Нүсіпов сөз сөйледі, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметінен.
С.Нүсіпов өз сөзінде, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында салалық конструкторлық бюролар құру мәселесі қарастырылғанын атап көрсетті. Және ол конструкторлық бюролар пайдаланылатын жабдықтардың, шығарылатын өнімдердің сапалық қасиеттерін жақсарту, тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгілерді жасауда техникалық қолдау көрсету жөніндегі қызметтер көрсететін болады. Конструкторлық бюролар сонымен қатар, роялти және басқа да қаржылық тетіктердің негізінде конструкторлық және жобалау құжаттарын әзірлеу және беру арқылы машина жасаушы кәсіпорындардың жаңа өнімдерді жедел енгізулеріне қолдау көрсетеді.
Бүгінде Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығының қатысуымен Астанада көлік машиналарын жасаудың конструкторлық бюросы және Өскеменде кен-металлургия жабдықтарының конструкторлық бюросы құрылып отыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында Петропавлда мұнай-газ жабдықтарының конструкторлық бюросын құру туралы шешім қабылданды. Ал 2011 жылға қарай ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және аспаптар жасау жөніндегі конструкторлық бюролар құрылады.