2012 жылдан бастап бизнеске кадрларды даярлауға жұмсалған шығынның 70 пайызы өтеп беріледі - Б.Нұрымбетов

ТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Мемлекет 2012 жылдан бастап кәсіпорындар мен ұйымдарға кадрларды даярлауға жұмсалған шығындардың 70 пайызын өтеп беретін болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ Халықаралық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
None
None

Вице-министрдің айтуынша, Индустрияландыру картасы жобалары еңбек нарығында нақты техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлардың қажеттігін көрсетіп отыр. Алайда,бүгінде экономикалық белсенді халықтың тек 28 пайызында ғана арнайы орта білім бар. Бұл жұмыс берушілер мен бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейді.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасында белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін азаматтарға жолға және тұруға кететін шығындарды өтеуге, тиісті әлеуметтік пакетке мемлекеттен субсидия бөлу арқылы оқуға және жұмыспен қамтуға жағдайлар жасалып отыр.

«Кәсіптік даярлау техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде жүргізіледі. Одан бөлек, кадарларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұсынылуда. Оқудан кейін азаматқа кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Оның жалақысының тең жартысына мемлекеттен субсидия бөлінеді», - деді ол.

Сондай-ақ Б.Нұрымбетов атап көрсеткендей, мемлекет бағдарлама шеңберінде кәсіпорындар мен ұйымдарға кадрларды даярлауға жұмсаған шығындарының 70 пайызын өтеп беретін болады. «Бұл тетік 2012 жылдан бастап енгізіледі», - деп нақтылады ол.

Вице-министр ұсынған статистикаға сүйенсек, 2011 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елдегі 450 арнайы орта білім мекемесінде кәсіптік біліммен 66 мың адам қамтылды. Жасалған келісімдерге сәйкес 3 мың жұмыс беруші бағдарламаның 13 мың қатысушысына әлеуметтік жұмыс орнын құрды. Олардың жалақысына 617 млн. теңге субсидия бөлінді.

Соңғы жаңалықтар