2012 жылдың қаңтарында «Даму» қоры АҚШ-та тегін білім алу үшін кәсіпкерлердің іріктеуін бастайды

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 21 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында Германияда іскерлік байланыстарды орнатып қайтты. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ернар Нұрғалиев мәлім етті.
None
None

«Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырушы оператор ретінде кезекті төртінші бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті. Бағдарлама төрт бағыттан тұрады.

Олардың біріншісі, «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясында 2011 жылы 15 мың әлеуетті кәсіпкер екі күндік оқудан өтті. Оқулар Қазақстанның облыс, қала, аудан мен ауылдарында, барлығы 209 елді мекенде жүрді.

Екінші бағыт - «Кәсіпкерлер үшін сервистік қолдау» бағдарламасы аясында әрбір өңірде сервистік компаниялар кәсіпкерлерге 7 бағыт бойынша тегін консультациялық қызметтер көрсететін болады. Атап айтқанда, олар - ІТ-қызмет, маркетинг, сапа менеджменті жүйесі, бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есеп, кедендік және заңнамалық кеңес. Соңғы жарты жылда аталмыш қызметтерді 8 мың кәсіпкер қолданып үлгерді.

Үшінші бағыт - «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» деп аталады. Назарбаев университетінің базасында өткен оқуларды 210 кәсіпкер аяқтап шықты. Әрбір кәсіпкер шетелдік мамандарды бизнес жобаларымен таныстырып, оларды жүргізу бойынша ақылды кеңестер алды.

«Іскерлік байланыстар» атты - төртінші бағыттың мақсаты - шетелдік компаниялармен байланысты орнату арқылы қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру. Аталмыш бағыт бойынша қазір 350-ге жуық адам «Тұран-Профи» университетінің базасында бір айлық курстан өтуде. Екі апта сабақтар сыныпта өтеді, келесі екі аптада көшпелі оқулар, соңғы кезеңде отандық кәсіпкерлер Германияға сапар шегеді. «Алғашқы нәтижелеріміз де бар. Үстіміздегі қараша айында 21 кәсіпкер Германиядан оралды. Нәтижелер әсерлі. Себебі, Германия мұндай бағдарламаларды 1991 жылдан бері жүзеге асыруда. Оларға ТМД-ның барлық дерлік елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропа елдері қатысады. Ең маңыздысы, ағылшын және неміс тілін білмейтін қазақстандық кәсіпкерлерге аудармашылар ұсынылады», - деді Е.Нұрғалиев.

Басқарма төрағасы атап көрсеткендей, қазір шетелдіктермен іскерлік байланысты орнату бағдарламасын АҚШ-та жүзеге асыру жоспарлануда. 2012 жылдың қаңтарында АҚШ-қа сапар шегетін кәсіпкерлер іріктелетін болады.

Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың шығынын мемлекет көтереді, яғни кәсіпкерлерге оларға қатысу - тегін.

Соңғы жаңалықтар