2012 жылы Аграрлық несие корпорациясы 61 млрд. теңге сомасына несиелер берді

Оларды 3 мың несие алушы пайдалана алды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Корпорация өткен жылы бірқатар бағыттар бойынша несие беруді қамтамасыз етті. Атап айтқанда, кредиттік серіктестіктерді несиелеу, ауылшаруашылық шикізатын өңдейтін және тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды несиелеу, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа (фермерлік) қожалықтарын несиелеу, ҚР Ұлттық қор қаржысы есебінен инвестициялық жобаларды несиелеу, сондай ақ көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуді несиелеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар, несие серіктестіктер жүйесін дамыту аясында 2012 жылы осы бағытқа 1363 жаңа қатысушы тартылды. Ауыл шаруашылығы өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің тиімділігін арттыру мақсатында былтырғы жылы республикамыздағы 140 несие серіктестігі 2505 қарыз алушыға 16 млрд. теңгеден астам сомаға несие берді.
«2001-2012 жылдар аралығында Корпорацияның қатысуымен республиканың 13 облысындағы 160 ауданда 163 несие серіктестігі құрылды. Оның ішінде өткен жылы Атырау облысында жаңа серіктестік іске қосылды. 2001-2012 жылдар аралығында осындай 161 серіктестікке жалпы сомасы 98 млрд. теңгеден аса кредит қаржысы бөлінді», делінген баспасөз хабарламасында.