2012 жылы ана мен бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстар жалғасады

None
None
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасында көзделген жүйелі іс-шаралардың арқасында 2011 жылы ана мен бала өлім-жітімінің көрсеткіші біршама азайды.

 Ағымдағы жылы да осы бағытты жүзеге асыру басымдыққа ие болып табылады, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Қазір «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау саласы сапалы түрде дамып келеді. Халықтың денсаулығы жақсарды. Бала туу көбейіп, азаматтардың өмір сүру жасы ұзарды», - деп мәлім етті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында.

ҚР Үкіметі халық денсаулығын жақсарту үшін кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастырады. Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы жұмысы ана мен сәби өлім-жітімінің көрсеткішін төмендетуге жұмылдырылатын болады, себебі ана мен бала өлімін азайту - әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға қажетті шарттардың бірі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2011 жылы алдын ала қарау шараларының аясында 1 млн. әйел мен 4,2 млн. бала тексеруден өткен.

Сонымен қатар, перзентханаларды материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау күшейтіліп, перинаталды көмек аймақтандырылды. Қазақстанда халықаралық технологияларды оқытатын 34 орталық құрылып, оларда 8 мың дәрігер мен біліктілігі орташа медициналық қызметкерлер оқудан өткен.

Бұған қоса, республикамызда балаларға арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі кеңейді.

Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте Қазақстан алғаш рет балаларды пневмококк инфекциясына қарсы егуді қолға алды. Бүгінгі таңда еліміздің 4 өңірінде 260 мыңнан астам балаға осы вакцина егілген. 2015 жылға дейін балаларды вакциналау саты-сатысымен бүкіл республиканы қамтитын болады.

Елімізде жаңа туылған нәрестелерге көрсетілетін хирургия қызметі белсенді түрде алға басып келеді. 2011 жылдың екінші жартыжылдығында жаңа туылған нәрестелердің кемтарлығын анықтау және соған сәйкес, олардың өмірін сақтап қалу үшін жасалған сәтті оталардың саны 1,5 есеге көбейген.

Қолға алынған шаралар ана мен бала өлімін азайтуға мүмкіндік туғызды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2011 жылы ана өлімі 1,5 есеге, ал сәби өлімі 9,9 пайызға төмендеген. Сондай-ақ сәби өлімінің азаюы еліміздің барлық өңірлерінде көрініс тапты десек болады.

Соңғы жаңалықтар