2013-2020 жылдары АӨК-ны дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға 3 трлн.-нан астам теңге қажет - ҚР АШМ

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында 2013-2020 жылдарға арналған АӨК-ны дамыту салалық бағдарламасының жобасын таныстыру кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Жалпы, 2013-2020 жылдары Қазақстанда АӨК-ны дамыту бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға 3122,2 млрд. теңге қажеттілік етеді. 2014-2015 жылдары қаржы тапшылығы 196,9 млрд. теңгені құрайды», - деді министр.
Нақтырақ айтқанда, 2014 жылы - 106,2 млрд. теңге, ал 2015 жылы 90,7 млрд. теңге керек болмақ.
А.Мамытбековтың айтуынша, бағдарламаны қаржыландырудың басым бөлігін (74 пайызын) тауарлар мен қызметке экономикалық қолжетімділікті арттыру шаралары қамтып отыр. Ал бюджеттің 13 пайызы Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қамтамасыз етуді дамытуға бөлінетін болады. Қалған 12 пайызы қаржылық оңалтуға жұмсалмақ.
Бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы субсидиялау көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артатын болады.