2013 жылы жаңартылатын энергетика саласында 13 нысан іске қосылады - ҚР ИЖТМ

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Биылдың өзінде жаңартылатын энергетика саласындағы 13 нысан іске қосылып, 20 жаңа жоба қолға алынады.
None
None

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, жаңартылатын энергия саласында бүгінге дейін елімізде 27 жоба жүзеге асса, тағы 50 жоба жақын аралықта қолға алынады.

«Бұл саланың дамуына заң жобалары мен заңнамалық актілерді қабылдаудың маңызы зор. Өйткені, осы арқылы салаға инвесторлардың көптеп келуі күтіледі. Ал жаңағы 50 жобаның ішінде ағымдағы жылдың өзінде шамамен 20-сы бойынша іске кірісеміз. Олардың ішінде Ерейментаудағы жел паркінің құрылысы да бар. Дәл осы нысан «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі барлық объектілерді энергиямен қамтамасыз етеді деп ойлаймыз», - дейді Ә. Исекешев.

Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, биылғы жылы балама қуат көзін беретін тағы 13 нысанның құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Олардың арасында Қапшағайдағы күн электр стансасы мен бірқатар су және жел стансалары бар. «Дегенмен, жобаларды жүзеге асыру бойынша негізгі жұмыстар 2014-2015 жылдары атқарылады. Сөйтіп, еліміздегі жаңартылатын энергетика саласының екінші кезеңі 2020 жылға дейінгі аралықты қамтиды», - дейді министр.

Соңғы жаңалықтар