2014 жылды ризалықпен шығарып салып, 2015 жыл табалдырығын ауқымды жоспарлармен аттадық - А.Баталов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов аймақ тұрғындарын Жаңа 2015 жылмен құттықтады, деп хабарланған облыс әкімдігінің ресми сайтында.
None
None

«Өткен 2014 жыл облыс халқы үшін жақсы істер мен жағымды жаңалықтарға толы болды. Өңірлерде жаңа мектептер мен балабақшалар, емханалар мен кәсіпорындар, басқа да маңызды нысандар, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды. Мыңдаған жетісулық отбасылар жаңа пәтерлерге кіріп, қоныс тойын тойлады. Спортшыларымыз әлемді мойындатып, еліміздің абыройын асқақтатты. Сондықтан біз 2014 жылды ризашылықпен шығарып салып, Жаңа 2015 жылдың табалдырығын ауқымды жоспарларымызбен, ерекше жауапкершілікпен аттадық. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы тапсырмаларын сапалы орындауға қол жеткізу үшін тынымсыз еңбектеніп, тындырымды іс атқаруымыз керек», - дейді өңір басшысы өз құттықтауында.

«Құрметті жетісулықтар! Жаңа жылдан көпшілік игі жақсылық, үлкен үміт күтеді. Арман-мақсаттарын белгілеп, жоспарларын құрады. Сондықтан Жаңа жылда барлықтарыңыздың ойға алған ниет-тілектеріңіз орындалып, биік белестерге, зор жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Баршаңыздың денсаулықтарыңыз мықты, еңбекте жемісті, отбасыларыңыз аман болсын! Жаңа жыл халқымызға игіліктер мен жақсылықтар, қуаныш пен шаттық, толағай табыс пен береке-бірлік әкелсін!», деп ізгі тілегін білдірді А.Баталов.

Соңғы жаңалықтар