2014 жылы 1,5 мың сотталушы орта білім туралы аттестаттар алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл күндері Қазақстанның колонияларында сотталғандарға кәмелеттік аттестаттар мен толық емес орта білім туралы куәліктер тапсырылуда, деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару комитетінің баспасөз қызметі.
«30 жасқа толмаған адамдардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру ауқымында бостандығынан айыру орындарында негізгі (9 сынып) және орта (11 сынып) білім алу үшін оқу үдерісі ұйымдастырылды», -деп атап өтті ҚазАқпарат тілшісімен әңгімесінде ҚАЖ комитетінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Марат Таласбаев.
Оның айтуынша, өткен жылы 1023 сотталушы орта білім туралы аттестат алған болса, 2013-2014 оқу жылының қорытындысымен бұл көрсеткіш 1500 адамға жетті.
«Кәмелеттік аттестаттар Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының түзеу мекемелерінде көптеп тапсырылуда», - деп атап өтті М.Таласбаев.
Дәстүр бойнша білім туралы құжаттарды тасыру салтанатты шаралары жергілікті атқару органдарының, діни конфессиялардың өкілдері, сотталғандардың туыстары мен жақындары қатысуымен өткізілуде.