2014 жылы Қазақстанда Беларусь Республикасының мәдениет күндері өтпек

Мәдениет күндерін өткізу сияқты елдер арасындағы ынтымақтастық үлгісінің әрі қарай да жалғасын табатынын атап айтып, «Келесі жылы жауап қайтару сапарымен барамыз», - деді министр.
Бұл күндері Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері өтуде. Бүгін екі ведомство басшыларының кездесуі өтеді. Тараптар жаңа келісімнің шарттарын талқылауды жоспарлауда.
«Біз бүгін әріптесімізбен бұл құжаттың қандай болуы тиіс екенін де талқылаймыз. Және 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін Еуразиялық одақ туралы шарт жасау турасында сөйлеспекпіз. Қазір құжаттың экономикалық құрамы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осы келісімнің маңызды құрамдас бөлігі болатын мәдениет саласындағы жұмысты қолға алу қажет. Бұл келіссөздердің негізгі тақырыбының бірі болып табылады», - деп жалғастырды ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта Беларусь Республикасы және Қазақстан Республикасы арасында мәдениет саласындағы өзара әрекеттестік 1996 жылғы 17 қаңтардағы мәдениет, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге және 1999 жылғы 4 қарашадағы мәдениет және өнер туралы келісімге сәйкес дамып келеді.
Б.Светлов мәдениет және білім беру мекемелері деңгейінде уағдыластықтарға қол жеткізілгенін атап айтты. Беларусь ұлттық кітапханасы және Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасы арасында ынтымақтастық дамып келеді. Беларусь ұлттық көркемсурет мұражайы және Ә.Қастеев атындағы Қазақ мемлекеттік өнер мұражайы арасында 2013-2017 жылдарға арналған келісімге қол қойылды. Екі елдің мемлекеттік мұрағаты және мұражайлары арасында серіктестік қатынастар орнатылды. Өткен жылдың мамыр айында Минскіде БҰТУ базасында Абай атындағы Қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығы ашылды. 2012 жылдың қараша айында Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университет базасында Беларусь Республикасы Тіл және мәдениет орталығының ашылу салтанаты өтті.
Бүгін кешке Беларусь Мемлекеттік академиялық музыкалық театрының сахнасында Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті өтпек. Концерт бағдарламасы бойынша, Р. Рымбаева, «Аққу» би ансамблі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Еуропаның алтын күйтабағының иегері болған «Ulytau» этно-рок тобы, «Серпер» домбырашылар ансамблі өнер көрсетеді. Белорусь халқының алдында опера әншілері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмилә Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ та ән салмақ. Беларусь Республикасындағы ресми делегациясы құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің департамент директоры Асқар Смағұлов, Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаева, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті Ғалымжан Өтеубайұлы бар.