2014 жылы мемлекеттік ЖОО-ларда Бақылаушы кеңесі құрылады - А.Сәрінжіпов
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2014 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындарында Бақылаушы кеңесі құрылады. Бұл туралы «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақ болған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.
«Біз 2014 жылы барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында Бақылаушы кеңесін енгізуді жоспарлаудамыз. Бізде 50-ден астам мемлекеттік ЖОО бар. Бақылаушы кеңесін құру және оларға дұрыс өкілеттік беру үшін нормативтік базасын дайындаумен айналысып жатырмыз», - деді ол.
Миинстрдің атап өтуінше, алдағы уақытта ректор өз жұмысы мен жоспарларын Бақылаушы кеңеспен үйлестіретін болады. Ал кеңес ректордың жұмысын бағалайды. Сонымен қатар жоғары оқу орынының қаржылық мәселелерін шешу ісіне де тікелей Бақылаушы кеңес атсалысады.
Сондай-ақ А.Сәрінжіпов жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардан ақша жинау мәселесіне де тоқтала келе, заңға сәйкес мемлекеттік мектептер ата-аналардан қандай да бір төлем талап етуге құқылы еместігін бас айтты. «Егер мейрам, іс-шара өткізуге қосымша қаржы қажет болса, онда мұның барлығы ата-аналардың келісімімен ғана шешілуі тиіс. Бізде орта білім барлығы үшін тегін беріледі», - деді министр.