2014 жылы ШҚО ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі шамамен 300 млрд. теңгені құрады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2014 жылы ШҚО ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 294 млрд. теңгені құрады. Бұл 2013 жылғы деңгейден 2,2% артық. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика облыстары арасында үшінші орында. Бұл туралы ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов ШҚО ақпарат орталығының брифингінде мәлім етті.
None
None

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығындағы көлем индексі 101,9%-ды құрады.

Өткен жылдың нәтижесі бойынша, егіс алқабы 16,7 мың га, дәнді дақылдардың алқабы 27 мың га ұлғайды. Сонымен қатар, 438 мың га алаңда ылғал үнемдейтін технология енгізілді, осылайша 2013 жылдың көрсеткішінен 18% асты.

Д. Селиханов хабарлағандай, аймақта суармалы жер аумағын арттыру және суарудың озық тәсілдерін енгізу шаралары жалғасын тапты. Суармалы жер аумағы 5 мың га артып, 90 мың га-ны құрады.

2014 жылы жаңбырлатып суарылған аумақ 8900 га, тамшылатып суарылған аумақ 850 га жерді құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда екі түр бойынша 14 % және 6,2 % артық.

Мал шаруашылығында да көрсеткіш жақсарды. 2014 жылы ет өндіру көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 6,6 %, сүт 2,4 %, жұмыртқа 7,4% артты.

«2013 жылғы көрсеткіштен ірі қара мал саны 2,3%, жылқы- 5,7%, құс 4,4%, қой мен ешкі саны 99 % артты.

Етті бағыттағы 1696 бас импорттық ірі қара сатып алынды. Соның ішінде 1026-сы ҚазАгро ҰБХ АҚ қаржыландыруымен алынған. «Сыбаға» бағдарламасы аясында облыста жалпы сомасы 1 млрд. теңге болатын 5,3 мың бас ірі қара сатып алынды. Жоспар 114 % орындалды, - деді басқарма басшысы.

Ет бағытындағы ірі қара мен ет экспорты әлеуетін арттыру үшін облыста асыл тұқымды репродукторлар саны 2014 жылы 8 бірлікке дейін жеткізілгені туралы айтылған. Қатон-Қарағай ауданында («Әмір» ШҚ) тағы бір асыл тұқымды репродуктор құрылды.

Сонымен қатар брифингте ШҚО-да сүт-тауарлық фермаларға көп көңіл бөлінетіні айтылды. Сүт пен сүт өнімдерінің көлемін арттыру үшін облыс әкімінің бастамасымен 2014 жылы сүт-тауарлық фермалар мен сүт қабылдау пунктерінің желісін құру және кеңейту бойынша бағдарлама жүзеге аса бастады. Сүт-тауарлық фермаларды дамыту аясында 2016 жылдың соңына қарай жалпы облыста 37 сүт-тауарлық ферма (СТФ) құру және қалпына келтіру көзделген. Онда 12,8 мың бас сауын сиыр ұстау жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар