2015 жыл Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығы үшін жемісті болды - өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры

«Бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда үлкен жұмыс жасалды. Кәсіпкерлеріміз «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі мен республикалық тауар өндірушілер форумында өнімін сәтті таныстырды. «Ертiс Invest 2015» халықаралық форумында 25 инвестициялық жоба таныстырылды. Жыл басынан шағын және орта бизнестің 6000-нан астам субъектісіне қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлерді дамыту институттарымен бірге шамамен 500 жоба сүйемелденді, олардың жалпы құны 2 млрд теңгеден асады», - дейді Райхангүл Сатабаева.
Р. Сатабаеваның сөзіне қарағанда, өңірлік кәсіпкерлер палатасы көптеген мәселелерді мемлекеттік органдармен ынтымақтасудың және бизнес-қоғамдастықтың шоғырлануы арқасында шешілді. Бірігіп кәсіпкерлікті дамытуда біраз жетістікке қол жеткізілді.
«Елуден астам кәсіпкердің құқығын қорғадық, бизнесмендерден заңсыз тартып алынған миллиондаған соманы қайтардық, дипломаттармен, инвесторлармен, серіктестермен ондаған кездесу өткізіп, экономикалық байланысты кеңейттік. Кәсіби бағыт аясында мектеп пен колледждің жеті мыңнан астам оқушысының қатысуымен 400-ден астам шара өткіздік. 2016 жылда алда тұрған ауқымды міндеттер бар. Біз оларды орындап, кез-келген сыннан сүрінбей өтеміз», - деді Р.Сатабаева.