2015 жылдың 9 айында елімізде 260 мың көлік тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында елімізде 260 мың көлік тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев мәлім етті.

2015 жылдың 9 айында елімізде 260 мың көлік тіркелді

«Тек өткен жылы ғана автокөлік саны 440 мың бірлікке артты. Ал 2015 жылдың 9 айында тіркеуге алынған көліктердің саны 260 мыңды құрап отыр. Бүгінгі күні еліміздің автомобиль паркі 4,5 миллион көлік құралына жетіп отыр. Осыдан 5-10 жыл бұрын біз 2 млн. көлік туралы айтқан едік. Яғни, көлік өсімі 2 есеге артқан», - деді ол.

Төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, көлік санының артуы жол-көлік апатының көбеюіне түрткі болады. Өйткені, елімізге әкелінетін көліктердің жартысына жуығы техникалық тұрғыда ескірген әрі қазіргі уақытта пайдалану біршама қауіпті.

«Пайдалану уақыты 20 жылдан асып жығылатын олар салдары ауыр жол апатының орын алуына түрткі болуы мүмкін. Өйткені, бүгінгі күнгі заманауи көліктерді жабдықтау стандарты болып саналатын қауіпсіздік жастығы, тежегішті бұғаттауға қарсы жүйесі жоқ. Ал бұлар тосын оқиға кезінде жүргізуші мен жолаушылардың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді», - деді Ә.Кеңесбаев.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, 2015 жылдың 9 айында шамамен 14 мың жол-көлік апаты тіркеліп, оның салдарынан 1700-ден астам адам қаза тапса, 17 мыңнан астамы жарақат алды. Жол-көлік апатынан қаза тапқандардың әрбір үшіншісі - жаяу жүргінші.