2015 жылдың қорытындысы: Қазақстан және әлем

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан жыл ішінде Қазақ елі сыртқы саясатта толайым табыстарға қол жеткізгені сөзсіз. Шындығында да, барлық деңгейдегі қазақ елінің дипломатиялық белсенділігі республиканың өңірлік қана емес, сонымен бірге жаһандық көзқарас қарама-қайшылықтары мен дау-дамайларды шешуде айрықша рөлі бар іргелі ел екендігін дәлелдей түскен еді.
None
None

Айта кетерлігі, қазақстандық дипломатияның шынайы тиімділік көріністері ең алдымен еліміздің экономикалық дамуын және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған болатын. Алғашқы нәтижелері де жаман емес. Осы жылдың ішінде Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік инвестиция көлемі де біршама өсім көрсеткен-ді.

Қазақстан сыртқы саясатындағы үздік 10 оқиға

Таяуда ғана ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзі басқаратын ведомствоның 1 жылдық жұмысының қорытындысын шығарған болатын. «Көпвекторлық қазақстандық сыртқы саясат өзінің жан-жақты дербестігі мен стратегиялық сенімділігін дәлелдеді», - деп атап өткен еді ол.

Министр өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған еліміздің сыртқы саясатының барлық бағытындағы ұстанымдар нығайып, халықаралық беделі арта түскендігін баса айтқан болатын.

Осы ретте оқырман назарына Е.Ыдырысов жария еткен еліміздің сыртқы саясаттағы басты оқиғаларды ұсынбақпыз:

- ЕАЭО туралы шарт күшіне еніп, Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастады. Аталған одаққа Армения мен Қырғызстан қосылды.

- V Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті.

- 2015 жылдың 16 шілдесінен 2017 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде 20 елдің азаматтары 15 күнтізбелік күнге дейін Қазақстанға визасыз келуіне рұқсат берілді. Ол елдер мыналар: Ұлыбртания, Италия, Корея, Малайзия, Нидерланды, БАӘ, АҚШ, Франция, ГФР, Жапония, Австралия, Бельгия, Венгрия, Испания, Монако, Норвегия, Сингапур, Финляндия, Швейцария және Швеция.

- Қазақстанда МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды.

- Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясына қатысуы және маңызды халықаралық бастамаларды ұсынуы.

- 2015 жылдың 7 желтоқсанында ҚР Президентінің ұсынысы бойынша БҰҰ Бас ассамбелясының ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізудің жалпыға ортақ декларациясы бойынша қарарды қабылдауы.

- ҚР Президентінің Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және әлемнің басқа да елдеріне табысты сапарлары және жалпы сомасы 20 трлн. теңгені құрайтын 275 экономикалық келісімге қол қойылуы. Ағымдағы жылы Нұрсұлтан Назарбаев 13 шетелдік сапар жасап, 32 елдің мемлекет, үкімет және халықаралық ұйым басшыларын қабылдады. Жалпы осы жылдың ішінде 38 ірі халықаралық шара өтіп, 70 екіжақты сапар орын алды.

Қазақстанға Түркия, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Жапония, Украина, Ресей көшбасшылары, АҚШ Мемлекеттік хатшысы және басқа да елдердің мемлекет басшылары сапарлады.

- Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді.

- 2015 жылдың 21 желтоқсанында 29 саланы қамтитын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа келісімге қол қойылды.

Еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстан дүниенің төрт қиырын жайлаған әлемнің кез келген мемлекетімен мығым экономикалық байланыстарды жолға қоюды алдына мақсат етіп отыр. «Біз Ресей және Қытаймен тығыз байланыстарды жолға қойғанбыз. Ал Еуропа болса, біздің ірі сауда серіктесіміз. АҚШ - Еуропадан кейінгі ірі шетелдік инвесторымыз», - деген еді ҚР Сыртқы істер министрі.

2016 жылдың үздік 5 басым бағыты

1. Елге шетелдік инвесторларды тарту жұмыстарын күшейту.

«Өздеріңізде білетіндей, 30 қарашада Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнап, онда таяу онжылдықтың ішінде экономикаға жыл сайынғы инвестиция көлемін 3 трлн. 10 млрд. теңгеге және өңделген тауарлар экспортын 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге арттырып, 9 трлн. 300 млрд. теңгеге дейін жеткізуге айрықша назар аударған болатын», - деді ҚР СІМ министрі Е.Ыдырсов.

2. ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын шетелдік елдер легін көптеп тарту, көрмеге дайындық жұмыстары жайында шетелдік аудиторияға кеңінен ақпарат беру (қазіргі уақытта 61 мемлекет пен 13 халықаралық ұйым қатысатындығын ресми қуаттады). Міндет - кемінде 100 мемлекеттің аталған көрмеге қатысуын қамтамасыз ету.

3. ҚР Президентінің 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету бастамасын жүзеге асыру (дауыс беру 2016 жылдың жазында болады).

4. Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру. «Біздің Көшбасшымыз және барлық қазақстандықтар украин дағдарысын жүректеріне жақын қабылдайды. Өтйкені, Украина - біздің жақын ел. Өздеріңіз де білетіндей, Қазақстанда көптеген украин тұрады немесе шыққан тегі украиндықтардың саны шамамен 300 мың адамды құрайды. Қазақстан Украинадағы жанжалды реттеудің жолдарын үнемі іздеп келеді. Бірақ қазіргі уақытта «Норманд үлгісіндегі Минск уағдаластығынан» артық еш шара жоқ. Сол себепті ахуалды реттеудің жалғыз жолы барлық қатысушы тараптардың аталған келісімді мүлтіксіз орындауы болып тұр. Барлық елдер Минск уағдаластығына қатысушы елдерді оны жүзеге асыруға барлық күш-жігерді жұмсауға шақыруда. Дегенмен біз бұл Украинадағы дағдарысты реттеуге мүмкіндік алудың қолдағы жалғыз әрі дұрыс шарасы екендігіне сенімдіміз. Біз барлық саяси және басқа да әдістермен оған жәрдем болуға тырысудамыз», - деді Е.Ыдырысов.

5. Елдің әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялануына қолдау көрсеті. Еуразиядағы трансқұрлықтық байланыстарды жәрдемдесу және олардың ифрақұрылымдық түйісіне септігін тигізу. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша саммитке дайындық.

Шетелдіктердің қазақстандық дипломатияға көзқарасы

Өтіп бара жатқан Қой жылындағы Қазақстанның сыртқы саясатының табысты орын алғандығын қытайлық байқаушылар да атап өтуде.

«Қазақстан - тек қана Орталық Азия үшін ғана емес, сонымен бірге барша әлем үшін де өте маңызды ел. Біз 2015 жылы Қазақстанның халықаралық аренада барынша белсенді жұмыс істегендігіне куә болдық. Қазақстан көптеген шаралар өткізді, Президенті Н.Назарбаев бірқатар шетелге маңызды сапарлар жасады, оның ішінде Қытай да бар. Көптеген шетелдік көшбасшылар да Қазақстанға сапарлады. Біз соңғы жылдары ішінде Қазақстан халықаралық істе айтарлықтай маңызды рөлге ие болғанын көріп отырмыз», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚХР СІМ Еуропа және Орталық Азия департаменті бөлімінің бастығы Чжан Вэньцюань.

2015 жылдың қараша айында Қытайдың «Чжунго гоцзя дили» (Chinese National Geography) журналында «Бір белдеу, бір жол: ақ кітап» деген тақырыппен Қазақстан туралы ауқымды материал жарық көрген болатын.

«Қазақстан ең басты әлемдік державалармен нәтижелі байланыстарды қолдай отырып, халықаралық аренада зор табыстарға жетудің бірегей қабілетіне ие»,- делінген мақалада.

Сонымен қатар аталған мақалада Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылықтың тірегі болып отырғандығы, саяси тұрақтылыққа, үйлесімді ұлтаралық қарым-қатынасқа, қарқынды экономикалық өсімге ие болу арқылы көшбасшы мемлекетке айналғандығы айтылған.

Автор Лян Цянның жазуынша, «минералды ресурстарға бай мемлекеттің» әлемдік аренада белсенді рөл атқара бастауы адамдардың назарын өзіне аудартып отыр.

«Қазақстан Ресейден кейінгі ТМД-дағы екінші экономикаға, әлемдегі қарқынды дамушы 5 мемлекеттің біріне айналып отыр. Қазақстан ЭКСПО-2017 үшін күресте жеңіске жетті. Биыл ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына өтті. Қазақстанның ең басты мақсаты 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену болып тұр», -делінген мақалада.

Соңғы жаңалықтар