2015 жылы асыл тұқымды мал өсіру кешендерін құру үшін 65 мыңға тарта ірі қара әкелінді

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, 2015 жылы асыл тұқымды мал өсіру кешендерін құру бағыты бойынша 64,9 мың ірі қара мал әкелінген, бұл - жоспардың 93 %-ын құрады.
«2015 жылы ет өңдеу үлесі 31 пайызды құрады, сүт өңдеу - 39 пайыз. Мал шаруашылығы өнімін тұтыну құрылымында импорт үлесі кеміген. Асыл тұқымды малды сатып алу көлемін азайту шешімі шығарылды. Себебі қазақстандық асыл тұқымды мал өсіру кешендерінің малдарына сұраныс артқан», - деді Г.Исаева министрліктің алқа мәжілісінде.
Сонымен қатар, вице-министрдің сөзіне қарағанда, фермерлік шаруашылықтарды дамытуды көздейтін «Сыбаға» бағдарламасын орындау жоспардан 121 пайызға асып түскен.
«Бүгінде ірі қараның 277 мың аналық басы сатып алынған. Мал бордақылау орындарын салу бойынша - 177 мың малға жемдеу орындары ашылған. Осы көрсеткіштер бойынша бесжылдық жоспар барлық өңірлерде артығымен орындалып отыр», - деп атап өтті Г. Исаева.