13:14, 11 Қараша 2013 | GMT +5
2015 жылы «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» резолюциясының орындалуына кешенді талдау жүргізіледі
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылы №1325 резолюцияның орындалуына шолу жасап, жоғары деңгейдегі мәжіліс өткізеді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік: Еуроатлантикалық және еуразиялық аймақтардағы мемлекеттердің міндеттемелері мен олардың нәтижелі іске асырылуы» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды.

«Конференцияда талқыланып отырған мәселе тек әйелдер үшін ғана емес, БҰҰ-ның бүкіл жүйесі үшін басымдыққа ие. Сондықтан бұл шараны өткізудегі әріптестігі үшін ҚР Үкіметіне ерекше алғысымды білдіремін. Ол өз уақытында, дер кезінде өтіп отыр. Бұдан 3 апта бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Әзірбайжанның төрағалығымен осы тақырып бойынша ашық пікірталас болып, бірауыздан №2122 резолюция қабылданған болатын», - деді Нью-Йорктегі БҰҰ Әйелдер штаб-пәтерінен бейне құттықтау жолдаған ұйымның атқарушы-директоры Фумзиле Мламбо-Нгука. Оның айтуынша, бұл резолюцияда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» мәселесі бойынша міндеттемелерді орындауды барынша жүйелі жүзеге асыру үшін» жол картасы» ұсынылған. Онда сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылы резолюцияның орындалуына кешенді талдау жүргізілетіні көрсетілген.