2015 жылы «Бейнеу-Ақтау» автожолының 100, 2016 жылы 170 шақырымы пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтырғы жылы «Бейнеу-Ақтау» автожолының 200 шақырымы пайдалануға берілген болатын. Биыл тағы 100 шақырымдағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру және 2016 жылдың соңына дейін, тағы 170 шақырым жолды іске қосу көзделген. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

«Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Әліповтің Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары барысында «Бейнеу-Ақтау» бағытындағы жол құрылысы талқыланған. Бұл - жалпы ұзындығы 470 шақырымды құрайтын, еліміздің орталығы мен батысын байланыстыратын «Орталық-Батыс» жобасы аясында салынып жатқан күре жол. Жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдар түгелдей отандық өнім. Битум, қиыршық тас, цемент, бояу, темірбетон құрылымдары түгелдей Маңғыстау ауданында шығарылады», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, мердігер компанияның мәліметі бойынша, жобаға тұңғыш рет қазіргі заманғы озық технология - дорзин қолданылған. Бұл - қиыршық тас пен асфальтбетон араласқан, цемент пен тұрақтандырғыш қосылған жолдың үстіңгі қабатын тез тозудан сақтайтын озық технологиямен салынған жамылғы. Сондай ақ, мердігер компания басшыларының жол құрылысына және 2015 жылғы жоспарға байланысты есептері тыңдалды. Айта кетерлігі, 2015 жылы Жетібай-Жаңаөзен бағытындағы жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылысын бастау жоспарланған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы тек Маңғыстау облысының ғана емес, жалпы республиканың экономикасына тың серпін береді. Облыс арқылы өтетін халықаралық көлік қозғалысын арттырады, аймақтық ынтымақтастықты нығайтып, кәсіпкерлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар