13:37, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
2015 жылы ішкі өндіріс есебінен Қазақстан еліміздің құрылыс материалына деген сұраныстың 80 пайызын қамтамасыз етуі тиіс - Елбасы
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2015 жылы ішкі өндіріс есебінен Қазақстан еліміздің құрылыс материалына деген сұранысының 80 пайызын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы бүгін Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құрылыс индустриясын дамыту және құрылыс материалдарын өндіру мәселесіне тоқталған мемлекет басшысы «Бүгінде тек елордамызбен қатар жалпы еліміздің барлық облыс орталықтары мен қалаларында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тек өткен жылы ғана жаңа құрылыс индустриясында 45 жаңа зауыт тапсырылды. Бұл шаралар 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді», деді Елбасы.
Алайда 50 пайыз құрылыс материалдары әлі де импортталатынын жеткізген Елбасы құрылыс секторының сұранысын қазіргі заманғы цемент зауыттарымен, шыны өндірісімен, қажетті материалдармен, темір-бетон бұйымдарымен қамтамасыз ету үшін еліміздегі өндірістік базаны дамыту қажет екенін қадап айтты. «2015 жылға қарай ішкі өндіріс есебінен Қазақстан елдің сұранысын 80 пайыз қамтамасыз етуі қажет», деді Н. Назарбаев.