14:32, 10 Желтоқсан 2014 | GMT +5
2015 жылы Каирде Қазақстан-Мысыр мемлекетаралық саяси кеңес тобының 6-шы отырысы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Каирде Қазақстан-Мысыр мемлекетаралық саяси кеңес тобының 6-шы отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейінгі брифигте Қазақстандағы Мысыр Араб Республикасының Төтенше Өкілетті Елшісі Хайсам Салах Камел Ибрагим мәлім етті.
«Мысыр екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашақта да жоғары деңгейге көтеріле түсетіндігіне үміттенеді. 2015 жыл екі ел арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықтың нығаюына бастар жыл болмақ», - деді Елші.
Оның атап өтуінше, оның басты себебі 2015 жылдың ақпан айында өтетін Каир қаласындағы Қазақстан-Мысыр мемлекетаралық саяси кеңес тобының 6-шы отырысы болмақ.
«Бұл отырысқа Қазақстан тарабын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов бастап баруы жоспарлануда. Сонымен қатар 2015 жылдың сәуірінде Каирде екі елдің үкіметаралық комитетінің 5-ші отырысын өткізу көзделуде. Бұл отырыста қазақстандық делегацияға ҚР Мәдениет және спорт мниистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық жасайды», - деді ол.