2015 жылы Қазақстанның барлық аудан орталықтарында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстанның барлық аудан орталықтарында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылады. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма басшысының орынбасары Нұржан Әлтаев айтты.

«Біз 2015 жылы алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз, яғни биыл еліміздің барлық аудан орталықтарында кәсіпкерлікті қолдауға арналған толыққанды орталықтар ашамыз. Онда кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетілетін болады», - деп түсіндірді ол.

Н. Әлтаевтың айтуынша, орталық көрсететін қызметтер тізімі ауқымды: онда маркетингтік, заңдық, есептік, бизнес-жоспар жасау бойынша, салық салу бойынша, рұқсаттама құжаттар алу және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі.

Жоспар бойынша осы орталықтар базасында әр ауданда кәсіпкерлерге арналған мектептер ашылады. Онда тәжірибелі мамандар жас кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырымен таныстырады. Сонымен қатар, өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлер тәжірибелік курстардан өтеді, онда нақты пәндер бойынша білім алуға болады.

«Яғни біреу жылыжай салып, онда көкөніс өсіргісі келсе, сол жердегі мамандар оған бұл істі неден, қалай бастау керек екенін түсіндіреді», - деп түйді Н. Әлтаев.

Айта кетейік, 2014 жылы мұндай орталықтар облыс орталықтарында ашылып, оларда 15 мыңнан астам кәсіпкерге көмек көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар
telegram