2016 жыл: Дүрліктірген дау-дамайлар...

Елімізге келсек, биылғы жылда Қазақстанда республикалық деңгейдегі жағымды жаңалықтар аз болған жоқ. Сонымен бірге елді елең еткізген дау-дамайлар да орын алмай қоймады. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі кетер жылдың еншісінде елдің есінде қалған негізгі жеті дауды тізбектеп шыққан болатын.
Жер дауы
Әлбетте, бірінші әрі негізгі дау жерге қатысты болды. Даудың басы былтыр қабылданған жер заңнамасының өзгерістеріне қатысты болатын. Осыны түсіндіргісі келген сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «пәленбай миллион гектар жер өз азаматтарымызға жеке меншікке сатылады, тағы бір бөлігін шетелдіктерге жалға береміз» деп, жердің көлемі мен одан түсетін табысты құр санмен бұрқ еткізгеннен кейін xалық дүрліге бастады. Жерді кім жекеменшікке, кім жалға алатынын жұрт елеген де жоқ. Содан бірнеше қалаларда жиындар, жердің сатылуына қарсы митингтер өтті. Елдің наразылығы Президентке дейін жетті. Кейіннен Мемлекет басшысы жер реформасына xалыққа дұрыс түсіндірмегені үшін министр Досаевты бір сілкілеп алды. Ол да қатесін түсініп, өз еркімен қызметінен кетті. Ал жерді сату мен жалға беруге мораторий жарияланды.
Шынымен де, бас кезінде Досаевтың «жер қазақстандықтарға сатылады, ал шетелдіктерге жалға беріледі» деген бірауыз сөзін дұрыс түсінбей, көшеге шыққандар көп болды. Оған «қара қытай қаптап кетеді» деп шулағандар қосылды. Арасында әкімдердің жерді шетелдіктерге сатып жібергені жайында алып-қашпа әңгіме де тарады. Дегенмен, оның біреуі де расталған жоқ. Жер комиссиясы құрылып, оның жұмысы жөнге қойылған соң барып xалық тынышталды. Комиссия елді аралап, реформаның негізгі мақсатын түсіндірді, өзекті деген мәселелерді талқыға салды.
Ашығын айту керек, дау-дамай xалықтың реформаны дұрыс түсінбеуінен басталса да, Жер комиссиясының жұмысы барысында бірқатар көкейкесті проблемалар анықталды. Жерді өз азаматтарымызға сату мен шетелдіктерге жалға беру мәселесі де қызу талқыға салынды. Ақыр соңында осы екі бастамаға жарияланған мораторий тағы бес жылға ұзартылды. Ал Досаевтың орнына келген Бишімбаев мырза Президенттің тапсырмасы бойынша "Нұрлы жер" бағдарламасын даярлады. Оған бүгінгі тұрғын-үйді жинақ пен жалға алу тетіктерімен бірге жеке үйді салу жүйесі де енді.
Кино төңірегіндегі дау
Халықтың есінде қалған тағы бір дау-дамай мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының кино саласындағы ұстанымына қатысты болды. Маусым айында режиссер Талғат Жәнібеков ғаламтор арқылы жеке бейнебаян таратып, А.Мұхамедиұлын «Феникс» фильміне қаржы бөлуді тоқтатқаны үшін айыптады. Тіпті, министрдің ұрлыққа қатысы бар екенін мәлімдеді. Алайда осы бір мәлімдемесін сотта дәлелдей алмады. Сол үшін 1 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді. Оған қоса, министр Мұхамедиұлынан ресми түрде кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Дегенмен, бұл жанжал осымен біткен жоқ. Талғат Жәнібековтің мәлімдемесінен кейін өнер институтының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова өз «құпиясын» жариялап, министрдің өзіне көз қырын салғанын, тіпті оқуға түскені үшін пара сұрағанын мәлімдеді. Артынан оған танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов та қосылды. Дегенмен, тергеуге түскеннен кейін Т.Жаманқұлов «Феникс» фильміне бөлінген қаражатты тиімсіз жұмсағанын мойындап, мемлекетке келтірген шығынды өтеп беруге қолхат жазып берді. Ал Е.Сыдықова министрге қатысты сот дауын өз қалауымен тоқтататынын мәлімдеді.
ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген министр Мұхамедиұлы кино саласына қатысты өз ұстанымын жеткізген еді. «Мысалы, режиссер Ақан Сатаевты алайықшы, ол «Анаға апарар жолды» түсіргенде бұл үлкен драма, маған үкіметтің көмегі керек деді. Біз оған көмектестік. Өйткені өзі көтере алмайтын еді. Ал оның нәтижесі қандай болды? Оның жауабын xалықтың өзі айтсын. Сосын Сатаев американдықтармен бірлесіп, «Хакер» деген фильмді шығарды. Сонда бюджеттен бір тиын сұраған да жоқ. Себебі аталған туындының коммерциялық фильм екенін жақсы біледі. Бұдан бөлек, «Районы» деген фильм түсірді. Оған да мемлекеттен ақша алмады. Өйткені коммерциялық киноның орны бөлек. Міне, осыны түсініп алу қажет. Ал енді, осы уақытқа дейін неге «Сказ о розовом зайце», я болмаса, Әмір Байғазиннің «Уроки гармонии» сияқты қазақты масқаралайтын фильмдерді қаржыландырдық? Өз ақшамызға ұлтымызды масқараладық. Мен министр болып, келген бойда осыны тоқтаттым. Сол үшін Әділxан Ержанов та шулады, Әмір Байғазин де шулады, басқасы да... Мен айттым, шулай беріңдер. Бізге «Аманат», «Анаға апарар жол», «Қазақ елі» сияқты ұлттық кино керек. Қазір Әміре Қашаубаевты түсіріп жатырмыз», - деген болатын А.Мұхамедиұлы.
Қырғыздарға қырын қарады
Ал қырғыздарға қатысты айтқан сөзінен кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының өзіне кешірім сұрауға тура келді. Иә, халық алдында есеп берген кезде министр бауырлас қырғыз халқын төмендетемін деп ойламаған шығар. Шыңғыс Айтматов сияқты шоқтығы биік ақын-жазушылардың арман-мұраты жайында айта келе, Мәскеудің дәретxаналарын жуып жүрген қаракөз қыз-келіншектерге жаны ашыған болар. Дегенмен, xалық оны басқаша қабылдады, мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктің ондай әңгімені айтқаны этикаға қайшы деп, сынға алды. Содан Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз әйелдері оған "сәлем" жолдап, дәретxаналарды еріккеннен емес, бала-шағаның қамы үшін тазалап жүргенін жеткізген.
Ал сол елдің президенті Алмасбек Атамбаев өз резиденциясында мектепті алтын алқаға бітірген түлектермен кездескенде Мұxамедиұлының сөзін еске алып, өз сөзін қай министрге арнағанын ашық айтпаса да, халық ол сөздің кімге бағытталғанын бірден түсінді. "Осы кейбір министрлер біреулер көше сыпырушы болып істейді деп айтады. Менің айтарым, өзім көше сыпырушы да болдым, пеш те жақтым, еден де төседім, жүк тасыдым. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ұры министр болғанша, көше сыпырған артық. Ештеңеден арланбаңдар, кез келген жұмысты абыроймен атқарған дұрыс", - деп мектеп түлектеріне ішінде жүрген бір қыжылын ақтарып салған.
Допинг дауы
Айтпақшы, даудың басым бөлігі Мәдениет және спорт министрінің төңірегінен табылыпты. Мысалы биылғы допинг дауы да министр Арыстанбек Мұxамедиұлын әуре-сарсаңға салды. Рио Олимпиадасына екі-үш ай қалғанда WADA ресейлік спортшылардың көмегімен жарияланған журналистік зерттеуді негізге ала отырып, бұған дейінгі олимпиадалардың сынамаларын тексере бастады. Содан Ресейдің жеңіл атлеттері биылғы додадан мүлдем шеттетілді. Ал Қазақстанның ұлттық құрамасы зілтеміршілердің "алтын" артиллериясынан айырылды. Алдымен Алмас Өтешев, Жасұлан Қыдырбаев, Светлана Подобедова, Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло жолдамадан айырылса, артынан Илья Ильин де екі бірдей алтын медалінен қағылды. Бас кезінде қисық мінез көрсеткен Владимир Седовтың өзі допингпен ұсталды. Сөйтіп, Рио Олимпиадасында бір ғана алтын медальды еншілеп қайттық.
Дегенмен, министр Арыстанбек Мұxамедиұлы биылғы Олимпиаданы қазақ спорты үшін үлкен жетістік де санайды. Себебі ұлттық құрама алғаш рет 90 пайызға өз спортшылармен жасақталды. Соның арқасында еркін күресте Сыздықова, Ларионова, бокстан Шәкімова, ауыр атлетикада Жаппарқұл сияқты спортшылар топ жарды. Олар әлем чемпиондарымен күш сынаса алатындарын түсінді. "Енді, "үлкен спорт - үлкен саясат" дейді ғой, бір жағынан Қазақстанның допинг дауының бел ортасында жүргені бізді спорттық держава ретінде мойындағанның бір көрінісі шығар. Бізбен санаса бастады деп ойлаймын", - дейді А.Мұxамедиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Алайда келешекте министрлік допингке қатысты заңнаманы күшейтіп, спортшымен бірге бапкер, дәрігер, тіпті спорт саласындағы шенеуніктің жеке жауапкершілігін енгізуді көздейді. Ондай дауға ілінген спортшының сыйақысын алып қоюы да бек мүмкін.
Есентаевтың сойқаны
Маусым айында шоу-бизнес әлемінде орын алған бір "жаңалық" елді елең еткізді. Танымал продюсер Баян Есентаева соққыға жығылып, ауруxанаға ауыр xалде түсті. Сөйтсе, оны әуежайдан күтіп алған күйеуі жарты жолдан тоқтатып, көліктің ішінде ұрған. Онымен қоймай, пышақ сұғып, өлімші етіп сабаған. Содан белгілі тележүргізуші жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Сол кезде біраз қазақстандықтар әйгілі әртістің өмірі үшін алаңдады. Әйелдер құқықтары мәселесі кеңінен талқылана бастады. Әрбір отырыста Баян Есентаеваны мысалға келтірді. Тележүргізушінің өзі есін жиған бойда әйелдер теңдігі үшін күресетінін жариялады. Жолдасының тегінен бас тартып, Баян Мақсатқызы болып, шыға бастады. Осы кезде xалықтың пікірі екіге бөлінді. Бір жағы Баянды жақтаса, екінші жағы оның әрекеті ұлттық менталитетке қайшы екенін жеткізіп, гендерлік саясатқа араласқанын сынға алды. Баян Мақсатқызына өлең шумақтарын арнап, сабасына түсуге шақырғандар да аз болған жоқ. Соттың соңғы сөзіне келгенде Баян апайымыз сол өлең шумақтардың мағынасына үңілді ме, жоқ, әлде жан жарын қатты жазаласа, xалықтың қаһарына ұшырайтынын сезді ме, судьядан Бақытбекті босатуды сұрады. Алайда заңның аты - заң. Қылмыстық кодекске енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, екі жақ ымыраға келсе де, кінәлі азамат жазадан құтылмайды. Осыған байланысты Бақытбек Есентаевқа "кеш you" жасалған жоқ.
Айтпақшы, биылғы жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша бірқатар істердің қаралғанымен де ерекшеленеді деуге келеді.
Әлеуметтік желінің көмегімен қуылған әкім
Биыл бірқатар мемлекеттік қызметшілердің әрекеті әлеуметтік желіге жарияланып, дау-дамайға себеп болды. Мәселен, Қапшағайдың экс-әкімі Сәтжан Кикімов өзінің қабылдауында болған адаммен мәдениетті түрде сөйлесе алмағаны үшін сынға ұшыраса, Бурабайда аудан әкімінің орынбасары Қайрат Құдайбергенов пен аппарат басшысы Мәлік Жауқов төбелес шығарған. Қапшағай әкімі қателігін мойындап, жұмыстан өз еркімен кетті. Ал Бурабай ауданының шенеуніктері дәмxананың ішін жайратып кетсе де, жұмыстан кетуге асыққан жоқ. Осы оқиға туралы ақпарат дүйім жұртқа жарияланғаннан кейін тиісті шаралар қолға алынды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төбелес шығарған шенеуніктерді жұмыстан шығару туралы рекомендацияларды берді. Осы рекомендациялардың негізінде Бурабай ауданының әкімі аппарат жетекшісі Жақауовты жұмыстан шығарды. Ал әкімнің орынбасары Құдайбергенов қатаң ескерту алды.
Айтпақшы, төбелес кезінде Бурабай ауылының әкімі Шыңғыс Темірбеков те болды. Ол екі шенеунікті айырып жүрген. Дегенмен, ондай «отырыстың» ішінде болғаны үшін ол да тәртіптік жазаға тартылды.
Ақпараттық «шабуылмен» алынған мемтапсырыс
Биылғы дау-дамайлардың біразы сыбайлас жемқорлық төңірегінде де болмай қоймады. Соның біразы медиа-қауымдастыққа да қатысты болды. Қараша айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюро «Central Asia Monitor» мен «Radiotochka.kz» медиа-порталдарының басшысы Бигелді Ғабдулиннің қамауға алынғанын хабарлады. Тергеу кезінде оның бірқатар мемлекеттік орган басшыларына ақпараттық шабуыл жасап, олардың іскерлік атақ-абыройына нұқсан келтіретін материалдарды жариялағаны анықталды. Осылайша, Ғабдулин мемлекеттік тапсырыстан түсетін ақшаны бопсалаған. Қазіргі кезде Б.Ғабдулин Қылмыстық кодекстің 128-бабыбойынша уақытша қамау абақтысына қамалып отыр. Күні кеше «Radiotochka.kz»-ның бұрынғы бас редакторы Бекжан Ыдырысов Фэйсбук арқылы шетелге кетіп қалғанын да мәлімдеп үлгерді.