2016 жылдан бастап адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандарты еліміздің бірқатар өңірінде енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болып, онда ҚР Ішкі істер министрлігінің Қазақстандағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы атқарып жатқан қызметі талқыланды.

2016 жылдан бастап адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандарты еліміздің бірқатар өңірінде енгізіледі

Аталған мәселе бойынша ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасады. Комиссия мүшелері ғаламдық ауқымдағы проблемаға - адам құқығын бұзудың елеулі түрі болып табылатын және ұлттық шекараға бөлінбейтін адам саудасына ерекше көңіл бөлді. Қазіргі таңда Қазақстанда адам саудасымен күрес үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заңнамалық база құрылғаны атап өтілді.

Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты әмбебап шарттардың қатысушысы болып табылады, осының ішіндегі 15-і халықаралық конвенциялар, шарттар және келісімдер құлдықтың қазіргі заманғы нысандарына қарсы іс-қимылмен тікелей байланысты. Бұған қоса, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты арнайы баяндамасының ұсынымдарын орындау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсетудің стандартын әзірледі. Бұл стандарт 2016 жылдан бастап пилоттық режімде Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Астана және Алматы қалаларында енгізілетін болады.

Сөз сөйлегендер мемлекеттік және құқық қорғау органдарының үкіметтік емес ұйымдармен адам саудасына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мен трафик құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы өзара іс-қимылдарын күшейтуге ерекше назар аударды.

Комиссияның отырысында әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің назарына жеткізілетін болады. Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, дағдарыстық орталықтардың, адвокатураның, жұртшылықтың және БАҚ өкілдері қатысты.