2016 жылдан бастап колледж оқытушылары мен шеберлері шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бастап колледж оқытушылары мен шеберлері шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.
«Индустрияландыруды ескере отырып жаңа оқу технологиялары бойынша шетелдік орталықтарда ИИДМБ-2 колледждерінің 30 оқытушысы мен оқу өндірістік шеберлері өздерінің біліктілігін арттырды. 2015 жылдың аяғына дейін шетелдік орталықтарда заманауи менеджмент бойынша ИИДМБ-2 колледждердің 30 жетекшісі біліктілігін арттырады. 2016 жылдан бастап жыл сайын ИИДМБ-2 колледждерінің 80 оқытушысы мен шеберлері шетелдік орталықтарда жаңа оқу технологиялармен біліктіліктерін арттыратын болады», - деді ол.
Сонымен қатар вице-министрдің атап өтуінше, 2016-2018 жылдарға индустрияның қажеттіліктерін ескере отырып техникалық және кәсіптік білімге 4000 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жоспарланған. Бұл үшін жыл сайын 135 млн. теңге қажет. 2016-2018 жылдары республикалық бюджетті қалыптастыру барысында кадрларды даярлау және жабдықтау үшін қаржыландыру көлемі нақтыланады. Индустрияландыру аясында жаңа ашылған кәсіпорындарды келісімшарт негізінде кадрларды даярлау және жұмыспен қамту, өндірістік тәжірибені өтуді қамтамасыз ету үшін «Кәсіпқор» холдингімен мәселелер пысықталатын болады.
«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында жобаларды заманауи кадрлармен қанағаттандыру инновациялық сипаттағы білім беру бағдарламалары есебінен қамтамасыз етіледі, ал оқудың өзі жаңа зертханалық жабдықтармен жүргізілетін болады», - деді Е.Иманғалиев.