13:31, 11 Ақпан 2011 | GMT +5
2016 жылға қарай білімге жұмсалатын шығыстар ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін артады - Елбасы
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2016 жылға қарай білімге жұмсалатын шығыстар ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін артады. Қазіргі кезде ол 4 пайызға жуықтап қалды.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Алдағы 5 жылдың ішінде еліміз бойынша 400 жаңа мектеп, оның ішінде 20 зияткерлік мектеп салынады. Бұл өз кезегінде 12 жылдық білім беруге көшу үшін мектептерде тиісті базаны құруға мүмкіндік береді. Осы талантты балалар тәлім алатын зияткерлік мектептер халықаралық университет үшін база болмақ», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы техникалық-кәсіби білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыру жұмыстары атқарылып жатқанын айта келе, жоғары білім деңгейін әлемдік стандартқа жеткізу қажет екенін қадап айтты.