2016 жылғы 1 қаңтардан бастап травматикалық қаруды заңсыз алып жүрген азаматтарға қылмыстық жауапкершілікке тартылады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша республика бойынша азаматтар ерікті түрде жалпы сомасы 2 млрд. 164 млн. теңге болатын 42 239 бірлік травматикалық қару тапсырған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің таратқан Үндеуінде жарияланып отыр.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап травматикалық қаруды заңсыз алып жүрген азаматтарға қылмыстық жауапкершілікке тартылады - ІІМ

Министрліктің мәліметіне қарағанда, травматикалық қаруды (жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз және газды атыс қаруын) азаматтық айналымда тыйым салуға байланысты ішкі істер органдары 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап травматикалық қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсаты бар жеке тұлғалардан сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде. Ал ерікті түрде тапсырылған травматикалық қаруды қабылдауды 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асыратын болады. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының травматикалық қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсаты бар азаматтарына көрсетілген мерзімге дейін (2016 жылғы 1 қаңтарға дейін) оны ерікті түрде өтемді тапсыру туралы үндеу жариялады.

«2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекстің 287-бабының 2-бөлігіне сәйкес травматикалық қаруды заңсыз иемденгені, бергені, өткізгені, сақтағаны, тасымалдағаны немесе алып жүргені үшін азаматтардың қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Бұл ретте заңнаманы бұзғандар 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, Ішкі істер органдарында травматикалық қару иесі ретінде есепте тұрған және оларды 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін тапсырмаған азаматтар тұрғылықты және тіркелген мекенжайлары бойынша тексеріледі», делінген Үндеуде.