17:57, 28 Маусым 2016 | GMT +5
2016 жылы Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесі құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесі құрылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Венгриядағы елшісі, Македониядағы және Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы Нұрбах Рүстемов мәлім етті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапары қарсаңында үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, іскерлік кеңесті құрамыз», - деді Елші.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан мен Сербия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын өткізеді.
Белгілі болғандай, 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі 58,8 млн. АҚШ долларын (экспорт -27,4 млн. доллар, импорт - 28,4 млн. доллар) құрады, бұл өз кезегінде 2014 жылдың көрсеткіштен 2,8 есеге асып түсті.