2016 жылы мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға мүмкіндік беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Сенат депутаттарының бастамасы бойынша биылғы жылдан бастап мектеп бітіруші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сенаттың бұл бастамасына Үкімет те, Білім және ғылым министрлігі де, жалпы қоғам да қолдау білдірген болатын», - деді Ерлан Сағадиев.

Министрлік ұсынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жыл сайын ҰБТ тапсырмайтын мектеп бітірушілер саны артып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш шамамен 46 мың адамға жуықтаған.

«Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Жоғары білімнен 100 мыңға тарта кешкі оқылымдағы оқушылар қалып отыр, олардың 25 мыңы ЖОО-ларға да, колледждерге де түспейді. Бұл - алаңдатарлық жағдай», - деді министр.

Сонымен бір мезгілде Ресей мен Қытайға оқуға баратын студенттер қатары да жыл санап артып отыр. Мәселен, 2015 жылы Ресейге оқуға 39 мыңға тарта қазақстандық барған.

«Мектеп бітірушілер ҰБТ бір немесе бірнеше балл ала алмай қалып, шетелдік оқу орындарына ақылы негізге кетіп жатыр. Осылайша олар басқа елдердің білім мекемелеріне инвестиция құюда», - деді Е. Сағадиев.

Жалпы ведомство басшысының айтуынша, ҰБТ тапсыру тетігінде өзгерістер күтілмейді. «ҰБТ қайта тапсыру ақылы негізде шекті межеден аса алмағандар үшін беріледі. Осылайша олар үшін де ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі. Бұл мәселе бойынша бізде Елбасының тікелей тапсырмасы бар, соған сәйкес биыл түлектерге өзіміздің оқу орындарына түсуге жағдай ұсынамыз. Әрине, олар бітіргеннен соң бәрі бірдей жұмысқа тұрып кетпеуі мүмкін, алайда тұтастай алғанда біз жоғары білімді қоғам болуға ұмтылуға тиіспіз. Соңғы қырық жылда дүние жүзінде студенттер саны алты есеге артқан. Ал әлемде жыл сайын 150 млн жоғары оқу орындарына түседі», - деді Е.Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар