2016 жылы ҰКП ауыл шаруашылығы саласында 100 кооперативті құру жоспарын орындамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ҰКП ауыл шаруашылығы саласында 100 кооперативті жүзеге асыру ауқымды мақсатын қойып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК Комитетінің Хатшылығы хатшысының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаров мәлім етті.
None
None

«2016 жылдың қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң күшіне енген болатын. Осы заңнаманы орындау барысында ҰКП биыл 100 кооперативті жүзеге асыру ауқымды мақсатын қойып отыр. Соның ішінде 11 кооперативті Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып қанатқақты жоба ретінде 2016 жылы іске асырамыз деп көздеп отырмыз. Аталған саланың маңыздылығын ескере отырып, палата басшылығы тарапынан ағымдағы жылда басымды бағыттар бекітілді.  Осы орайда жергілікті жерлерде , аудандарда палата қызметкерлері кооперативті құру және оған күнделікті жетекшілік ету, кеңес беру, сондай-ақ өзге де тиісті көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруда»,-деді Д. Әбсаттаров.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілді.

«Бұл ретте өңірлерде ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдармен, салада қызмет етіп жүрген адамдармен кездесіп, олардың мәселелерін зерделедік. Жыл басынан 6 өңірде болып, 50-ге жуық ауданды араладық. Олар бізге өздерінің алдындағы туындаған кедергілер жайында айтып, ұсыныстарын енгізді»,-деді хатшы орынбасары.

Оның айтуынша, елімізде 6 млн. 68 мың бас ірі қара мал бар болса, соның 80 пайызы жеке тұрғындардың қолында.

«Осы  ірі қара малдың негізгі бөлігін ұстап отырған адамдарға мемлекеттің берілетін көмегі бағытталмайды. Өйткені, мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаулар мен несиелер көбіне орта және ірі кәсіпорындарға бағытталған. Сол себептен осы кооперацияны ұйымдастыру тұрғысында Ақтөбе облысындағы Аралтоғай ауылының 55 тұрғыны жиналып, төрағаларын сайлап, кооператив құрды. Кооперативте 600-ден астам ірі қара мал жиналды. Бұл ретте мемлекеттен берілетін қаржыға қолжетімділік артып отыр. Аудан әкімдігі тарапынан 600 бас сиырды бағуға 5 мың гектар шабындық жер бөлініп отыр, сондай-ақ инвестициялық субсидия бағдарламасы бойынша арнайы суармалы құдықтарды қазып беру қолға алынды. Бүгінде ауылдарда 2 мың немесе 3 мыңға дейін ірі қара мал бар, яғни әр үй 10-30 бас мал бағып жатыр. Бірақ олардың барлығы ұсақ-түйек болғандықтан, мемлекеттік қаражатқа қолжетімділігі өте төмен»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар