2016 жылы жылу және сумен қамту нысандарын қайта құруға Ұлттық қордан 2 629,3 млн. теңге бөлінбек - БҚО

Оның айтуынша, өткен жылы ауыз сумен қамтудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды топтық және оқшау су жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға барлығы 411,406 млн. теңге бөлінсе, соның 212,521 млн. теңгесі республикалық, 198,885 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Сонымен қатар оқшау су құбырларын субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 76,532 млн. теңге, топтық су құбырларын субсидиялауға ҚР Үкіметі резервінен 99 304,56 мың теңге және республикалық бюджеттен 61,666 млн. теңге берілді.
Аталған қаражаттар есебінен өңірде 78 елді мекенде 127310 тұрғынды қамтитын 1985,51 мың текше метр көлемде ауыз су беру жөніндегі қызметтер құны субсидияланды. Қаржы толықтай игерілді.
Облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 12 маусымдағы №25-4 шешімімен бекітілген «Батыс Қазақстан облысының 2015-2020 жылдарға арналған энергияны үнемдеудің кешенді жоспарына» сәйкес 14 кәсіпорынға энергия аудиті жүргізілсе, тағы екеуінде жалғасуда.
Соңғы кезде облыста сұйытылған газ тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Бұрын өңірге 800-1000 тонна сұйытылған газ бөлініп келсе, енді биылғы қаңтар айынан 2 мың тоннаға жеткізілмек. Бұған газ жабдығымен жұмыс жасауға ауыстырылған автокөліктер санының көбеюі мен АИ-92 бензині бағасының өсуі әсер етуде. Оған қоса Батыс Қазақстан Ресейдің бес, Қазақстанның екі облысымен шектесетіндіктен, автокөліктердің транзиттік ағыны ұлғайды. Қазіргі уақытта өңірде аккредиттелген куәлігі бар «Алау» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС және «BKKSLPG» ЖШС сынды ұйымдар барлығы 27 автогаз құю стансаларында (мұның 15-і Оралда, қалғаны аудандарда) сұйытылған газды таратумен айналысуда.
Өткен жылғы он бір айда «Жайықмұнай» ЖШС-нан 10237,4 тонна сұйытылған газ жеткізілді. 10319,4 тонна газ ішкі нарыққа өткізілді.
Бұған қоса Орал қаласы мен облыс аудандарындағы автомай құятын 107 стансадағы мұнай өнімдерінің бөлшек саудасына мониторинг жүргізіліп отырылады.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Орал қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен мердігер мекеме «Марасант» ЖШС шаһардағы 5-7-шағынаудандар аралығындағы жаңа алаң құрылысын жүргізуде. Нысанның жалпы құны 1589987 мың теңге болса, 2015 жылы 347060 мың теңге бөлініп, түгелдей игерілді. Жұмыстың 90 пайыздан астамы атқарылды. Сондай-ақ бағдарламадан тыс тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен 5-шағынауданды жылумен қамтамасыз ету бағытында арнайы жоба жасалып, «Бірлік» ЖШС облыстық бюджеттен бөлінген 403,116 млн. теңгенің жұмысын атқарып, нысан іске қосылды.
-Бауыржан Жанпейісұлы, сіздің салаға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қанша қаржы қаралды, ол қалай жұмсалды?
-2015 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірдегі жылумен және сумен қамту нысандарын қайта құрылымдауға Ұлттық қордан 2 619,9 млн. теңге қарастырылған еді. Келісімшартқа сәйкес соның 2500,8 млн. теңгесі немесе 95,4 пайызы игеріліп, мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес 119,1 млн. теңге үнемделді. Жаңа жылға дейін үнемделген қаражат республикалық бюджеттік комиссияның қорытындысына сәйкес республикалық бюджетке толығымен қайтарылды.
Ұлттық қор қаржысы жеті жобаны жүзеге асыруға жұмсалды. Атап айтқанда, 596,8 млн. теңге жылу желілерін қайта құрылымдау бойынша төрт, 1 841,3 млн. теңге кәріздік коллекторлар бойынша екі және 181,8 млн. теңге қазандықты реттеу бойынша бір жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 11 шақырым сумен қамту, 3,4 шақырым жылу желілері жаңартылды. Бұл жұмыстар да толығымен мәреге жетті.
-Міне, жаңа, 2016 жыл да келіп жетті, осы жылы сала бойынша нендей басты жұмыстар атқарылмақшы?
-Жаңа жылға ерекше маңызды топтық және оқшау су жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 445,548 млн. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 246,663 млн. теңге, жергілікті қазынадан 198,885 млн. теңге қаралып отыр.
Ең бастысы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылумен және сумен қамту желілерін қайта құрылымдауға 11 жобаға Ұлттық қор есебінен 2 629,3 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Осы қаражат есебінен 15,5 шақырым сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерін, 1,2 шақырым жылу құбырын қайта реттеу көзделуде. Сондай-ақ Бөрлі ауданында Ақбұлақ-Ақсай су құбырында сорғы стансасы салынбақшы.