16:34, 14 Желтоқсан 2014 | GMT +5
2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен өткен келіссөздерден кейінгі брифингте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов айтты.
«Бүгінгі біздің келіссөздер барысында осы тақырып қозғалды. Премьер Ли Кэцян атап өткендей, 2017 жылы Қазақстан халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізетін болады. Осыған орай 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болады. Сондықтан да біздер үшін ең бірінші кезекте Қытай Халық Республикасының өз еліндегі туризмді дамыту тәжірибесін зерделеу барынша маңызды», - деді ҚР Премьер-Министрі
Осы ретте К.Мәсімов өзінің қытай әріптесінен бұл елдің туризм саласындағы тәжірибесін зерделеу үшін қазақстандық делегацияны жөнелтуге келісім беруді өтінгенін еске салды.
«Меніңше, өзара байланыстар біздің елдердің халықтарын байыта түсетін болады», - деді ҚР Үкімет басшысы.