2017 жылдан бастап қазақстандықтар оффшорлардағы қаражатын жасыра алмайды - Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап қазақстандықтар швейцариялық банктердегі, оффшорлардағы заңдастырылмаған қаражаттарын жасыра алмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасының басшысы Ерлан Сағынаев мәлім етті.
None
None

Департамент басшысының айтуынша, Қазақстан Страсбург конвенциясын ратификациялаған болатын. Қазақстаннан бөлек, аталған конвенцияға әлемнің 90 мемлекеті мен оффшорлық аймақтар қосылған.

«Конвенцияға қосылушылардың барлығы да өз елдерінің резиденттері туралы мәліметтермен алмаса алады. Соған сәйкес, біз де автоматты режимде қазақстандықтар туралы кез келген ақпаратты, тіпті олар оффшорлық аймақтарда болса да ала аламыз», - деді басқарма басшысы. Оның айтуына қарағанда, оффшорлық аймақтарда қаражаттары бар азаматтарды анықтау жүйесі бүгінгі таңда әзірлену үстінде. «Сондықтан да, әзірше бақылау жүйесі орнығып жатыр. Биылғы жылы бәрі дайындалады, сосын 2017 жылдан бастап қана толық көлемде жұмыс істейтін болады», - деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге, басқарма басшысы 2017 жылдан бастап Қазақстанда барлық азаматтар шет елдердегі өздеріне тиесілі кез келген мүлікті, ақшалай қаражаттарды, бағалы қағаздарды, заңды тұлғалардағы қатысу үлестерін декларациялауы керектігін еске салды. Оның айтуынша, декларацияланбаған мүлік бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Ондай фактілер алғаш анықталған жағдайда бірінші жауапкершілік 250 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал жыл барысында осындай фактілер тағы қайталанып, анықталса әкімшілік айыппұлының көлемі екі еселеніп, 500 АЕК құрайды.

«Егер азамат өз мүліктерінің, қаражаттарының заңдық негізін түсіндіріп бере алатын жағдайда болса, оған заңдастыру акциясының қажеті де шамалы. Бұл ретте жария ету мен капиталды заңдастыру акциясы негізінен жасырын ұсталып жүрген, салықтан жалтарылған мүліктер мен қаражаттарға қатысты болып табылады», - деп түсіндірді Ерлан Сағынаев.

Соңғы жаңалықтар