2017 жылдан бастап селолардың, кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін аудандық мәслихаттар немесе халықтың сайлауы арқылы өткізу ұсынылады - М. Құсайынов

Онда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын одан әрі жетілдіру туралы» тақырыбы талқыланды.
Дөңгелек үстел барысында ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы тұжырымдаманың жобасымен таныстырды.
Ол Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту екі кезеңнен тұратындығын айта келіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, бірінші кезең 2012-2016 жылдар аралығын қамтиды. Онда ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар деңгейлерінде жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі халықтың рөлін арттыру мәселесіне баса назар аударды.
«Бүгінгі таңда еуропа елдерінің көбі жергілікті референдумды азаматтардың шешім қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігі ретінде қарастырады», - деді ол баяндамасында.
Сондай-ақ, ол тұжырымдамада қалалардың халқын басқару шешімдерін қабылдау үрдісіне тарту тетігін құру, биліктің төменгі деңгейлерінің қаржылық дербестігін кеңейту мәселелеріне де тоқталып өтті.
Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың екінші кезеңі 2017-2020 жылдарға тиесілі. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты - басқарудың төменгі деңгейлерінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру болып табылады.
«2017 жылдан бастап селолардың, кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін аудандық мәслихаттар немесе халықтың сайлауы арқылы өткізу ұсынылады», - деді М. Құсайынов.
Ол, сондай-ақ, әлемдік тәжірибені ескере отырып, үлкен қалалардағы аудандардың әкімдерін сайлауды енгізу мәселесі қосымша зерделенетінін айтты.
Дөңгелек үстел барысында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын одан әрі жетілдіру туралы» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Р. Сәрпеков баяндама жасады. Сондай-ақ, тақырып бойынша басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен ынталы қатысушылар сөз сөйледі.