2017 жылға қажетті дәрілік заттар ағымдағы жылдың қыркүйегінде сатып алынатын болады - Т. Дүйсенова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылға қажетті дәрілік заттар ағымдағы жылдың қыркүйегінде сатып алынатын болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.

Жиын барысында депутаттар тегін медициналық көмек аясында дәрілік заттарды сатып алу мәселесінің тиімді ұйымдастырылмай отырғанын алға тартқан болатын. Мәселен, депутат Шавхат Өтемісовтің айтуынша, дәрілік заттарды жеткізуші оператор дәрілермен қамтамасыз ету кестесін де жиі бұзған. «Ал дәрілік заттардың айтарлықтай кешіктіріп жеткізілуі медициналық ұйымдарға да, халыққа да жағымсыз әсер етеді. Сосын осының салдарынан жыл соңында айтарлықтай қаржы қалдықтары қалып отыр. Мәселен, былтырғы жыл соңында лимонды-биологиялық препараттардың артылып қалған қалдығы 1 млрд 300 млн. теңгені құраған», -  деді депутат Ш. Өтемісов.

Өз кезегінде депутаттар сауалына жауап бере келе министр Тамара Дүйсенова дәрімен қамтамасыз ету мәселесі былтырдан бастап толық қолға алынғанын атап өтті. «Біз 2016 жылдың бастапқы айларын қамтамасыз етуге 2015 жылдың желтоқсанында дәрілік заттарды сатып алуды жолға қойдық. Қажетті дәрілік заттар жүз пайызға толығымен сатылып алынды. Қазіргі күні барлық дәрілік заттар кестемен беріліп жатыр. Бұндай проблеманың қайталанбауын да қадағалап, тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Мәселен, 2017 жылға қажетті дәрілік заттар ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін сатып алынады», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, дәрілік заттарды сатып алу бойынша проблемалар баршылық. Бұл негізінен сатылып алынатын дәрілік заттардың мөлшерін жоспарлауға қатысты болып табылады. «Сондықтан да, келесі жылы дәрілік заттарға қатысты проблемалардың алдын алу үшін жүйені автоматтандырып жатырмыз. Қазақстандық ұлттық формуляр да осыған қатысты құрылған болатын», деді министр.  

Соңғы жаңалықтар
telegram