2017 жылғы қысқы Универсиаданың бюджеті 17 млрд. теңгеге қысқартылды - Ә.Әбдуәлиев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2017 жылы өтетін бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың бюджеті 17 млрд. теңгеге, яғни екі есеге дейін қысқартылды. Бұл туралы бүгін Алматыда Универсиадаға дайындық аясында отандық өнім өндірушілермен ынтымақтасу форумы барысында Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің директоры Әсет Әбдуәлиев мәлім етті.
None
None

«Біз Универсиада аясында спортқа қатысты емес шығындарды қысқарттық. Бірінші кезекте Универсиаданың ашылу және жабылу рәсімін 1,2 млрд. теңгеге қысқарттық. Яғни, рәсім қысқартылған форматта ұйымдастырылады. Мәдени жобалар, халықаралық пиар және маркетингтік шараларға бөлінген қаржы 1,5 млрд. теңгеге қысқартылды. Көлік шығыны 1 млрд. теңгеге азайтылды. Сондықтан біз енді қажетті автокөліктерді сатып алмайтын боламыз. Оларды жалға аламыз. Сонымен қатар Универсиада алауына қатысты эстафеталық шараға жұмсалатын шығын 500 млн. теңгеге қысқартылды», - деді Ә.Әбдуәлиев.

Сонымен қатар ол басқа Универсиадаларға қарағанда отандық Универсиада ойындары арзанға түсетіндігін, сәйкесінше одан табыс табуға күш жұмсалатындығын жеткізді.

«Алматыда өтетін қысқы Универсиаданың жалпы бюджеті 53 млн. еуроны құрап отыр. Осы жерде айта кететін жәйт, кезінде Түркияның Эрзрум қаласында өткен қысқы Универсиаданың бюджеті - 83 млн. еуро, Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Универсиада - 105 млн. еуро және Ресейдің Қазан қаласында өткен қысқы Универсиаданың операциялық бюджеті - 500 млн. еуроны құраған болатын. Сондықтан біздегі шығындар барынша тиімді жұмсалатын болады», - деді Ә.Әбдуәлиев.

Соңғы жаңалықтар