2017 жылы 352 азаматтың ажалы өрттен болды – ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Қазақстанда өрт салдарынан 352 адам қаза тапты. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2017 жылы 352 азаматтың ажалы өрттен болды – ҚР ІІМ

«Қабылданған шараларға қарамастан соңғы жылдары өрт саны жоғары болып отыр. 2017 жылы 15 мыңнан астам өрт тіркеліп, салдарынан 816 адам зардап шекті, оның 352-сі қаза тапты»,-  деді вице-министр Мәжілістегі «Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік жүйенің жай-күйі мен даму перспективалары туралы» дөңгелек үстел отырысында.

Оның дерегінше, республика аумағында шамамен 422 өрт сөндіру депосы жұмыс істеп тұр. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Ел аумағында әлі де шамамен 233 депо қажет. Бұған қоса, жұмыс істеп тұрғандарының кейбірі  өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған және құрылыс нормаларының талаптарына сай емес.

«Жалпы деполардың ішінде 11-інің ғимаратын жалға алып отырмыз. 12 ғимарат өрт сөндіру депосы ретінде жасақталғанымен, қызметті дұрыс атқаруға жарамсыз. Ұзақ уақыт пайдаланылуының салдарынан 23 өрт сөндіру депосының жай-күйі қанағаттанарлықсыз жағдайға түскен. Мамандардың қорытындысына сәйкес, тірек құрылғыларының опырылу қаупіне байланысты оларды сүріп тастау қажет», - деді  Юрий Ильин.