2017 жылы Қазақстан экономикасы кемінде 2 пайыз өсім көрсетеді - Қуандық Бишімбаев

«Біздің 2017 жылға болжамымызға сәйкес, экономикамыз кемінде 2 пайызға өсім көрсететін болады. Ал 2018-2019 жылдары экономикамызға дағдылы 3-тен 5 пайызға дейінгі өсім қарқынына қол жеткіземіз», - деді министр.
Сонымен қатар ол Қазақстан нарығының ауқымының өте үлкендігін әрі оны толық игеруге елдің өз мүмкіншілігі жете бермеуі мүмкін екендігін ескертіп өтті.
«Сол себепті инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін серб тарапының тәжірибесі мен мүмкіншіліктерін пайдалануға боларлық салалардың табылатындығы да анық», - деді Қ.Бишімбаев.
Министр сербиялық тарапты жыл соңына дейін Қазақстанға келіп, құрылыс, инженерлік және жобалау салаларындағы еліміздің мүмкіншілігін зерделеуге шақырды.
Өз кезегінде Сербияның Экономика министрі Горан Кнежевич Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін баса айтты. «Біз Қазақстан тарапына серб компанияларына инвестиция салуға, жекешелендіруге және ауыл шаруашылығы, фармацевтика, туризм сынды басқа да салалардағы ынтымақтастықтың сан алуан түрлеріне қатысу мүмкіншілігін ұсынамыз», - деді ол.