2017 жылы мемлекет қазынасына түсетін кіріс көлемі артты

Өткен жылмен салыстырғанда бюджет кірістері 8,4%-ға немесе 466 млрд теңгеге артқан.
«Жыл басынан бері Мемлекеттік кірістер комитеті бюджетке 6 трлн 31 млрд теңге түсірді, бұл болжамдық жоспардың 101%-ын құрайды. 2016 жылмен салыстырғанда, кірістердің өсімі 8,4%-ды немесе 466 млрд теңгені құрады», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, комитет басшысы салықтық және кедендік тексерулердің екі есеге азайғанын еске салды.
«Біз қауіп-қатерлерді басқару жүйесін жетілдіру мен ақпараттық жүйелерімізден алынған деректерді қолдану арқылы бизнес субъектілерін қашықтықтан бақылауға баса мән беріп отырмыз. Нәтижесінде тексерулер санын едәуір азайта алдық - өткен жылдың 11 айында 72 мың тексеру жүргізсек, биыл бұл көрсеткіш 37 мыңды құрады», - деп өз сөзін толықтырды Теңгебаев.
Сонымен бірге, МКК басшысының хабарлауынша, салықтық тексерулер нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік бюджетке 87,6 млрд теңге өндіріліп алынған. Өткен жылмен салыстырғанда, түсім көлемі 35 пайызға артқан.