2017 жылы шетел валютасында қаржы сақтау төмендеуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік экономикадағы құбылмалылық пен шикізат бағасының тұрақсыздығы салдарынан көптеген елдердегі ұлттық валюталардың да бағамы өзгеріске ұшырады. Осы ретте адамдар жиған ақшаларын сақтап қалуға барынша тырысуда. Кейбірі артылған қаржысын жылжымайтын мүлікке, бизнеске салып жатса, қалғандары «сенімді» валютаға айырбастап, ақша жинағанды жөн көреді. Жалпы, 2017 жылы қаржыны қай валютада сақтаған жөн?
None
None

Өткен жылдың тамызында ҚР Ұлттық банкі теңгенің айырбас бағамының еркін айналымына, сондай-ақ инфляциялық таргеттеудің тәжірибесіне көшті. Бұл өз кезегінде инфляция бойынша мақсаттарды айқындауды және оны орындау тұрғысында тетіктіктердің тиісті топтамасын меңзейді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, негізінен осы бағыттағы қадамдар ақшалай-несиелік саясатта жүргізіліп жатқан тиімділікті байқатты, оның ішінде долларсыздану тұрғысында  нәтиже бар.

«Қазақстанның теңгесі мен ресейлік рубльдің бағамы тиісті деңгейде мұнай құнына байлаулы, дегенмен мұнай болжамы бойынша ағымдағы бағалаулар бір мағыналы емес. Келесі жылы  қарқынды өсімді байқауымыз екіталай. Әлемдік нарықтарда ұсыныстар артығымен жасалуда, оның ішінде бұған АҚШ-та тақтатас кен орындарындағы өндірістер әсер етуде. Негізінен қазақстандық экономика мұнайдың ағымдағы бағасына толықтай бейімделгенін атап өткен жөн. Қазақстанға қатысты жыл басында сарапшылық қоғамдастықтың болжамдары жағымсыз болған еді, алайда олар орындалмай, бүгінде оңтайлы жағдай көрініс тапты»,-дейді қауымдастық мамандары.

20 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Қазақстан экономикасы айырбастау бағамының жаңа талаптарына бейімделгенін,  жылдық инфляция бір таңбалы мәнге дейін төмендегенін атап өтті. Жақын арадағы 2 айда инфляция белгіленген 6-8% дәлізге жетіп, 2017 жылы бойы дәліз ішінде болады деп күтілуде.

2016 жылғы қыркүйектен бері үш ай қатарынан Ұлттық Банк валюта нарығында өктемдік жүргізген жоқ. Осылайша, реттеуші биржадағы валюталық сауда-саттықтарға өзінің қатысуын 0 пайызға жеткізді. Теңге бағамы қазіргі уақытта оң серпінге ие іргелі факторлардың әсерімен ғана қалыптасады.

«Ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық Банк сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен қалыптасатын іргелі үрдістерге кедергі келтірмейді. Қарашаның соңында теңгенің биржалық бағамы жылдың басынан бері 0,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,44 теңгені құрады. Қазіргі уақытта нарықта теңге бағамының күн сайын аздап ауытқуы байқалады», - деді Д. Ақышев.

Мұнай өндіретін көптеген елдердің мұнай өндіру көлемдері мен әлемдік нарықтағы мұнай құнының өсуін төмендету туралы уағдаластығынан желтоқсанда теңгенің нығаю үрдісі байқатты.

Д.Ақышевтің пайымынша, еркін өзгермелі теңге бағамы саясаты резервтерді біртіндеп қалпына келтіруді бастауға мүмкіндік берді.

Ал енді Ресейдің беделді қаржы сарапшыларының бірі, «Альпари» компаниясының аға сарапшысы Анна Бодрова да  2017 жылғы «доллар-теңге» дуэтінің айырбастау дәлізіне қатысты өз зерттеуін жүргізіп, болжамдарын айтып берді. 

«2017 жылы АҚШ доллары қазақстандық теңгеден айтарлықтай басым болады, бірақ бұл теңгеге тұрақты қысымды білдірмейді. Доллардың орташа құны келесі жылы 310-380 теңге болады. Нарықтың бұл дәлізі түсінікті және баршаға аян. Еуро 335-410 теңге көлемінде қалады», - дейді Бодрова.

Оның атап өтуінше, инфляциялық ахуал қолданыстағы конъюнктурада дамитын болады. Тұтынушылық баға индексі бірте-бірте төмендейді және жыл қорытындысы бойынша 6 пайызды құрайды.

Бұдан бөлек ол ақшаны қандай валютада сақтау керегін айтты. «АҚШ долларын алуда нақты мақсат болуы тиіс. Егер мақсат жеке жинағыңызды толтыру болса, курсты бақылап, теңге тұрақтанған кезде ғана USD сатып алған жөн. Егер сыртқы жағдай күтпеген тосын сыйлар әкелмесе, курстық құбылмалылық бірқалыпты болуы мүмкін. Қазір, валюталар мен шикізаттың стрессі жоқ кезде, жеке жинақ себеті өз келбетін өзгертеді. Онда шамамен 60% АҚШ доллары, 30% теңге, қалғаны еуро мен қолма-қол ақша болуы мүмкін», - деп есептейді Анна Бодрова.

Атап айтқанда, долларсыздандыру тетіктерін кеңейту арқылы ұлттық валютаға сенімнің нығаюына қол жеткізу маңызды. Негізінен доллар шетелге барып, сауда-саттық жасайтындарға қажет.

Осы өтіп бара жатқан 2016 жылда депозиттер құрылымы өзгергенін байқап отырмыз. Биылғы 11 айда теңгемен сақтаулы депозиттер шамамен 53,2 пайызға артқан, ал шетел валютасында 10 пайызға азайды. Нәтижесінде депозиттердің долларлануы деңгейі 2016 жылдың қаңтарындағы 70 пайыздық көрсеткіштен қараша айында 56,7 пайызға төмендеді.

Заңды тұлғалардың теңгемен және шетел валютасында енгізілген депозиттері бүгінде теңесіп қалды. Жеке тұлғалар салымдарының құрылымында шетел валютасындағы депозиттердің үлесі жылдың басындағы 80 пайыздық мәннен қарашада 64,4 пайызға дейін құлдырады.

ҚР Ұлттық банкінің алдағы жылға белгіленген мақсатына несиелендіруді жандандыру қадамдары еніп отыр. Жыл басынан бері банктердің экономикадағы несиелендіру көлемі елеулі өзгере қойған жоқ және ол сомасы 12,8 трлн. теңгені құрады. Алайда портфель құрылымында оңтайлы өзгерістер байқалуда. Осы арқылы несиелендіру өсіміне қажетті драйверлер пайда болды.

Негізінен қаржы саласының мамандары ұлттық валютаның еркін айырбас бағамына көшу оң нәтиже беріп отырғанын атап өтуде. Осы орайда ҚР ҰБ 2017 жылы да еркін айырбас бағамы саясатын ұстануды жалғастырмақ. 

Соңғы жаңалықтар