2017 жылы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы Маңғыстау және Қарағанды облыстарында ашылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахматтан мемлекетаралық чемпионаттарда Қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген нағыз дарынды жасөспірімдер баршылық. Олардың бірі - Жансая Әбдімәлік. «100 табыс тарихы» атты ұлттық жоба аясында Жансая Әбдімәлік туралы әңгіме жарияланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жансаяның атасы Әбдімәлік 2-дәрежедегі, ал арғы атасы 1-дәрежелі шахматшылар. Нағашы атасы да осы ойынды жетік білген. Оның қабілетіне отбасында байыпты мән берілді. Жеті жасында халықаралық деңгей талабын орындаған жасөспірімнің олимпиададағы жолы ә, дегеннен табысты болды...

Бір үйдегі екі бала да шахмат чемпионы. Үлкені Санжар еліміздің чемпионы болса, Жансая төрт дүркін әлем чемпионы және 12 жасында әлемдегі ең жас гроссмейстер атанды. Жансая Әбдімәліктің өз атындағы Шахмат академиясының ашылуына шахмат тарихында аңызға айналған Анатолий Карпов арнайы келді. Олардың шахмат ойнағанын жиналған жас спортшылар біраз уақыт қадағалаумен болды. Бірнеше блиц партия ойналған соң қонақ: «Жансая сөзсіз дарынды қыз. Ол ойын фигураларына төнген қауіпті тез тауып, өте жылдам қорғана алады», - деп пікір білдірді.

Бүгінгі уақытта жас шахматшының Шымкент пен Алматы қалаларында Шахмат академиялары бар. Онда жас гроссмейстердің өзі де, басқа ұстаздар да талай қабілетті балаларға дәріс беруде. Алдағы 2017 жылы осындай академияларды Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында ашу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Жансая Даниярқызы Алматы қаласындағы Халықаралық Инновациялық Технологиялар университеті жанындағы IT колледждің «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөлімінің 1-курс студенті. Жансая болашақта өзін осы салада сынап көрмекші. Ол барлық жастар секілді музыка тыңдап, кітап оқығанды жақсы көреді. Атасымен балық аулауға шыққанды ұнатады.

Жансая өзінің турнирдегі ең ұзақ партиясын 7 сағаттай ойнады. Ойынында ол шахматтың он жүрісін алдын ала ойлау қабілетіне ие. Бұндай ойлау жүйесі оған өмірде тез әрі оң шешімдер қабылдауына көп көмектесіп келеді.

Шахмат ханшайымының идеалы әйгілі Юдит Полгар. «Темірдей леди» деген лақапқа ие болған венгер шахматшысы Карповты, Каспаровты және бірнеше әлемдік деңгейдегі шахматшы ер адамдарды жеңген. Сондай болуға қазақ қызы да ұмтылып, табандылықпен ізденіп келеді. Армандамайтын, алдына мақсат қоймайтын жеңімпаз болмайды. Жансая жиырма жасқа дейін енді әйелдер арасында әлем чемпионы болуды мақсат тұтып отыр.

Соңғы жаңалықтар